ШЕҢГЕЛДІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАР БАРЫСЫМЕН БЕТПЕ-БЕТ ЖОЛЫҚТЫ

Уақыты: 29.01.2022
Оқылды: 1992
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қаңтар айының алғашқы дүйсенбісінде Шеңгелді ауылының тұрғындары Саят Ақтай, Бекдәулет Жеңісұлы, Әмірхан Ағамбаев үшеуі жоғалған малдарын іздеуге шығады.

Шамамен осы жаққа кетті-ау деген оймен Шолақ тауына қарай бет алады. Әңгіме айтып, арасында қалжыңдасып малды тауып олжалы болып қайтсақ деген ниетпен Шеңгелдіден он шақырымдай ұзап, жан-жақты барлай қарап келе жатқанда олар алыстан қарауытып көрінген аңды байқайды. Қызығушылықпен жақындап барғанда еліміздің символикасындағы «Қызыл кітапқа» енгізілген қар барысымен бетпе-бет жолығады. Бастапқыда таңырқаса да бойларын әлдеқандай үрейдің желпіп өткені рас еді. Жігіттер сақтық жасап, көліктен түспестен барысты фото-видеоға түсіріп, біраздан кейін өздері куә болған жайтты Қапшағай балық инспекциясына хабарлайды. Ал олар «Охотзоопром ӨБ» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорны қызметкерлеріне байланысқа шығады.

Бұл үшеуі «Охотзоопром ӨБ» қызметкерлері мен «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қызметкерлері келгенше  барысты ниеті бұзық әлдекімдердің атып кетпеуін қадағалап, көз жазып қалмайық деген оймен сол маңды сырттай бақылап отырады.

Арада біраз уақыт өткенде «Охотзоопром ӨБ» қызметкерлері мен «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қызметкерлері келіп, барысты атып ұйықтатып, екі құлағына таңба, мойнына чип салады. Арнайы қызметкерлердің айтуынша, кездейсоқ табылған барыстың салмағын өлшегенде 48 келі тартқан.

Жоғарыда аталған мекеме өкілдері барысты көріп, ол жайлы тиісті орындарға хабарлап, арнайы қызметкерлер келгенше бақылап, оларға аман-есен табыстағандықтары үшін шеңгелділік Ақтай Саят, Жеңісұлы Бекдәулет, Ағамбаев Әмірхан есімді үш жігіттің марапатқа ұсынылатындықтарын жеткізіпті.

Осылайша шеңгелділік батыл жігіттердің арқасында қар барысы «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі мекеніне аман-есен жеткізілді. Осы оқиғадан бірнеше күннен кейін Бекдәулет үйленіпті. Ауыл тұрғындары барыстың Шеңгелді аймағына  келуін жақсылыққа жорып жатқан көрінеді.

Назгүл НҰРСЕЙІТОВА

Алматы облысы