АЛАКӨЛ ӨҢІРІНДЕ МАЛ ҚЫСТАТУ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ? ЖЕМШӨП ЖЕТКІЛІКТІ МЕ?

Уақыты: 31.01.2022
Оқылды: 1147
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алакөл ауданында 110 мыңға жуық мал қыстатылуда. Олардың қыстан қысылмай шығуы үшін 355 мың тонна жемшөп дайындалған. Қазір  қыстық азықтың 71 мың тоннаға жуығы пайдаланылды.

«Қалған бөлігі жерге көк шыққанша жеткілікті», – дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің өкілдері. Бүгінде төрт түлік басынан шығын жоқ. Ауыл азаматтары малын далаға жайып, жемшөбін үнемдеп отыр. Қардың аздығынан ірі қара мен жылқылар азығын оңай табуда. Қойлар қорада қамаулы.

Мал шаруашылығынан мол табыс тауып отырған жандардың бірі – Мәшен Сембайұлы. 1998 жылы әкесінің ұйытқы болуымен ашылған «Ақбота» шаруа қожалығының көшін алға жылжытып, тізгінін ұстаған азамат бүгінде өзінің нағыз еңбеккер екенін көрсетуде. Алғашында небары 22 гектардан басталған кәсіп бүгінде 352 гектар егістік жерге қанатын жайған. Бұдан бөлек 400 гектар шабындық, 600 гектар жайылымдық жер бар.

– Алғашында «Т-40», «МТЗ-80» тракторларын қолдан құрап, іске кірістік. Бастапқы уақытта қызылша, бидай, жоңышқа, жүгері ексек, кейіннен қытай бұршағына ауыстық. Қазіргі таңда жаңа 8 трактор, 3 комбайн, экскаватор, «КамАЗ», «ГАЗ-53», ГАЗ-66» және 6-7 жеңіл көлік бар. Бұрынғыдай адам қолымен жасалатын жұмыс көп емес. Бәрі техникаға байланысты. Есесіне 25-30 адамды жұмыспен қамтудамыз. Бұдан бөлек, 200-ден аса ірі қара, 150-дей ұсақ мал, 60-қа жуық жылқы асырап отырмыз, – дейді Мәшен Сембайұлы. 

Бүгінде ол Ынталы мен Қарабұлақ ауылдарының қиысар тұсында шопандар үшін заман сұранысына сай үй тұрғызып, күннен қуат алатын құрылғылар орнатқан. «Ақтұма» шаруа қожалығын ашып, 700 бас ұсақ мал өрбітуге ыңғайланған қоралар тұрғызған. Малшылар үшін барлық жағдай жасалып, жалақылары тұрақты төленуде. Ірі қара көбейтуді назарға алып, мал басын асылдандыру жұмысына білек сыбана кірісуде. Жаңа технологияларды түздегі тынымсыз тірлікпен сабақтастырған шаруа мұнымен тоқтап қалмайтынын да айтады. Күн энергиясымен қуаттанатын құрылғылардың санын арттырып, шетелдердің озық бастамаларын пайдалануды көздеп отыр.

Шопандарға деген күтім де жақсы. Күнделікті ас-суын әкеліп, денсаулықтарына қадағалау жасалады. Жемшөп жеткілікті. Қажетті мал азығы түгелдей әзірленіп, ретімен берілуде. Таудағы қардың жұқалығынан малды жаюға мүмкіндік бар.

Алмат ЕСЕНБЕК

Алакөл ауданы

Алматы облысы