МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ НАРЫНҚОЛ, КЕГЕН ӨҢІРІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 06.02.2022
Оқылды: 1380
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Жанболат Жөргенбаев жұмыс сапарымен Кеген, Райымбек аудандарында болды. Өңір тұрғындарының жайын біліп, қоғамдық қабылдау өткізді. Кеген аудандық әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен қоғамдық қабылдауға Саты ауылының тұрғыны Сембай Иманбаев алғашқы болып кірді.

Саты ауылдық округі Көлсай көлдеріне баратын үлкен жолдың бойына орналасқан. Туристер көп келетіндіктен ауылдағы кәріз жүйесін ретке келтірудің, жасаудың маңызы ерекше. Оның құжаттарын дайындауға қаражат керек.

Облыстық мәслихаттың хатшысы бұл мәселе назарда болатынын алға тартты. Тұйық ауылдық клубының көркемдік жетекшісі Гүлзира Байдәулетова 1964 жылы салынған клуб үйінің мүлде ескіріп кеткенін алға тартып, алдағы уақытта ауыл тұрғындары, жастары үшін жаңадан Мәдениет үйін салу қажеттігін айтты. Алғабас ауылының тұрғыны Бақкелді Әкімбеков жол жасау мәселесін көтерді.

Кеген ауылының тұрғындары Бақытгүл Көнеева, Әділ Әбженбаев, Шолпан Жанбабаева, Манас Бұқабаев, Нұркен Дүйсебековтер аудан орталығының түйінді жайларын ортаға салды. Электр қуатының тарифін қайта қарау, мал өлекселерін тастайтын орындардың жайы, Ақсай ауылынан Аласа асуына дейінгі күре жолдың жайы, аудандық аурухананың қосалқы ғимараттарын жөндеуден өткізу мәселелері айтылды.

Райымбек аудандық әкімдігіндегі қоғамдық қабылдауда Жамбыл ауылының тұрғыны Айыпжан Қаптағаев өңірдегі Жамбыл, Қақпақ, Қызылшегара ауылдарының ішкі жолдарын орташа жөндеуден өткізу мәселесін алға тартты. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балжан Омарова Нарынқол ауылындағы Ұзақ көшесінің бойында орналасқан жекеменшік үйді сатып алып балаларға арналған 600 орынды шығармашылық орталығына айналдыру қажеттігін сөз етті.

Мәдениет саласының үздігі Советай Мекебаева аудан аумағындағы Сарыжаз, Тегістік және Шалкөде ауылдарынан жаңадан Мәдениет үйлерін салу қажеттігін ортаға салды. Текес ауылының тұрғыны, шаруа қожалығының жетекшісі Мұрат Малдыбаев ауылдағы өзекті мәселені қозғады. Шаруашылықтар тұсында 44 мың гектар жер суарылған екен. Қазір соның тең жартысы өз мәнінде суарылып жүрген жоқ. Су келетін каналдардың бәрі тозған. Оның ішінде Дараты, Қақпақ каналдарының жайы нашар.

Облыстық мәслихаттың хатшысы бұл мәселе бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Болашақта су келетін каналдардың бәрі жөндеуден өткізіледі.

Нарынқол ауылының тұрғыны Мейрамбек Бекболатұлы Жамбыл, Текес, Қақпақ, Сарыжаз секілді іргелі елді мекендерден шағын спорт кешендерін салудың маңызына тоқталды. Тегістік ауылының тұрғыны Айбол Сұраншиев бір кезде аңшылық шаруашылықтарына берілген орман қорының жерін қайтару қажеттігін алға тартты. Өйткені, қарапайым халыққа жайлаудан жайылымдық жерлер жетпей жатыр.

Жанболат Жөргенбаев бұл бағыттағы жұмыстардың қолға алынып жатқанын сөз етті. Сондай-ақ, екі аудан тұрғындары көтерген, алға тартқан, орнымен сөз еткен ауылдардың түйінді мәселелері тиісті орындарға ұсынылатынын, оның сыртында облыстық мәслихаттың тұрақты назарында болып, тиісті шешім шығарылатынын айтты. 

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген, Райымбек аудандары

Алматы облысы