ҚАРАТАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМДІГІНЕ ҚАТЫСТЫ ЖАЛҒАН ПЕТИЦИЯ ПАЙДА БОЛДЫ

Уақыты: 05.02.2022
Оқылды: 1130
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында халықтың атын жамылып, жалған петиция жасағандар тіркелді.

26 қаңтарда "Egov Press" интернет порталында Қаратал ауданының басшылығына қатысты петиция пайда болған еді. Жариялаушы бастапқыда құжат соңына өз есімін енгізген. Бірақ кейіннен оны өшіріп, Қаратал ауданының тұрғындары атынан деп өзгерткен. Сәлден кейін бұл жарияланымды тіпті алып тастаған.

Осы орайда Алматы облысы әкімі аппаратының арнайы жұмыс тобы тексеру жүргізді. Нәтижесінде аймақтың жиырмаға жуық қоғамдық ұйым белсенділері құжатта көрсетілген мәселенің негізсіз, шындыққа жанаспайтынын анықтады.

Алматы облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит ТҰРСЫНБАЙ бұл мәселеге қатысты былай түсініктеме берді:

- Жұмысшы топ барып, қаншама адаммен кездесіп, қаншама мемлекеттік қызметкерден түсініктеме алып, тексеру жүргізді. Осы ретте жалған ақпараттардың шығуы, бұл қоғамға да, мемлекеттік тұрғыда да қаншама материалдық, моральдық зиян екенін түсінуіміз керек. Сондықтан, біздің халқымыздан, Алматы облысының тұрғындарынан сұрайтынымыз, әлеуметтік желіде бір нәрсені жарияламас бұрын оның анық-қанығына көз жеткізіп алыңыздар деймін. Ертең біреудің намысына тимей, біреудің абыройына нұқсан келтірмейтіндей болғаны жөн. Егер ол шынымен болса, әрине, тексеріп расталса, жөні бөлек. Ал енді жалған ақпарат тарату, негізсіз жала жабу заң жүзінде жауапқа тартылатынын ескерейік, - деді Ғабит Тұрсынбай.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"