САРЫӨЗЕК ГАРНИЗОНЫНДА САРБАЗДАРДЫҢ РУХЫН КӨТЕРЕТІН АУҚЫМДЫ ШАРА ӨТТІ

Уақыты: 07.02.2022
Оқылды: 1390
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің шешімімен әскери жеке құрамның моральдық және психологиялық жағдайын жақсарту мақсатында жұмыс тобы Сарыөзек гарнизонына келді.

Өткізілген патриоттық акция әскери қызметшілердің жоғары моральдық рухын қолдауға, Отан қорғаушының жоғары миссиясының маңызын нығайтуға бағытталған.

Аталған іс-шараға Кербұлақ аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бөкен Рысбеков, Қазақстан Қарулы Күштері және Ауған соғысының ардагері, отставкадағы майор Шерғали Нұрғалиев, гарнизон бастығы, полковник Ержан Ембергенов және Сарыөзек гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің барлық жеке құрамы қатысты.

Шара басында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, генерал-майор Серік Борамбаев әскери қызметшілердің төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті, ел тыныштығын қамтамасыз ету бойынша аса күрделі іс-шараларды атқарғанын баяндап, төтенше жағдай кезінде қаза болған Отан қорғаушыларды еске алып, бір минут үнсіздік жариялады. Сонымен қатар, гарнизонда Қорғаныс министрлігі Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери тарихи музейінің «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан» атты тақырыптық көрмесі ашылып, патриоттық акцияға қатысушылар назарына ұсынылды. Ал ұсынылған экспонаттардың ішінде Бөгенбай батырдың дулығасы, аты аңызға айналған қолбасшылар Бауыржан Момышұлы мен Иван Панфиловтың жеке заттары үлкен қызығушылық тудырды.

– Біз бүгін аталған әскери-патриоттық акцияға қатыстық. Әскери тарихи мұражайды тамашалап, ондағы экспонаттармен танысып, тамаша әсер алдық, – деді акцияға қатысушы сарбаз, қатардағы жауынгер Қуаныш Әбдіғали. Сондай-ақ, «Күшіміз - бірлікте!» патриоттық акциясы аясында тәрбие құрылымдарының офицерлері әскери ұжымдардағы моральдық ахуалды зерделеу, антитеррористік операцияға қатысқан әскери қызметшілерді психологиялық оңалту бойынша кешенді жұмыстар жүргізді.

Біздің басты құндылықтарымыз – егемен Қазақстанның бейбіт өмірі мен ашық аспаны, халықтың ауызбірлігі, экономикамыздың дамуы екенін айта кеткен жөн.

Абзал САРТАЕВ,

Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, майор

Алматы облысы