ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚАР ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСЫНА 100-ГЕ ЖУЫҚ ТЕХНИКА ЖҰМЫЛДЫРЫЛДЫ

Уақыты: 07.02.2022
Оқылды: 1424
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Аяқастынан түскен қалың қар қыс келбетін кіргізгендей болды. Әсіресе қыс маусымының екі айын қарсыз өткізген қалалықтар абыр-сабыр қарбаластыққа түсті. Мұндайда ең алдымен қаланы қардан тазалау жұмысының қыза түсетіні белгілі. Таң атпастан негізгі көшелерді тазалауға кіріскен техникалардың дүрілі көз қуантты.

Таңмен таласа біз де қала көшелерін, коммуналдық мекемелерді, ескерткіштер мен әлеуметтік нысанды аралап, қар тазалау жұмысының қалай жүріп жатқанын көріп қайттық. Бұрынғы жылдары жиі жауатын қалың қарды тазалаудан әбден мезі болған жұрттың бүгінгі көңіл-күйлері көтеріңкі. Әр жерде қаланы тазалау жұмысына жауапты «Талдықорған Көркейту», «Шығыс – 4», «АБЗ Карьер ДРСУ» ЖШС-лардың қарбалас жұмыс істеп жатқан техникалары мен жұмысшыларын кездестірдік. Ал аулаларын тазалап әбігерге түскен тұрғындардың да қатары көп. Бірақ бәрінің әлпетінен ренішті сезімді байқамадық. Қайта қар жауа түссе екен деген ниетте.

– Әр маусымның өзіне сай болғаны жөн ғой. Бәріңізге белгілі, биылғы қыс негізінен қарсыз өтті. Ауа райының жылы болуына байланысты тұмау өршіп, балалар мен қарттарды көп әбігерге салды. Оның үстіне қыс бойы қар болмаса жердің ылғалы азайып, ауылшаруашылығы дақылдарының өсуіне зиян келтіретіні анық. Бүгін қалың қар түсіп, көңілденіп қалдық. Таң атқаннан бері көше тазалаумен айналысудамыз. Көшелерді техникамен тазалап, ал техника кіре алмайтын саябақтар мен жол жиектерін, аялдамалар мен ғимараттың алдын қолмен тазалап жатырмыз, – дейді «Талдықорған Көркейту» ЖШС жұмысшысы Әлім Қырықбаев.

Таң ата басталған қар бірер сағаттың ішінде айналаны ақ мамыққа қымтап тастады. Алайда дер кезінде қолға алған тазалау жұмыстарына орай жол-көлік оқиғалары, басқадай төтенше жағдай орын алмады. Қар қалың түскенімен шетінен еріп жатыр. Жол бойындағы, аулалардағы ағаштар ақ көрпеге оранған.

Қалалық баспасөз қызметінен алынған ақпарат бойынша, жолдарды күтіп ұстау тиімділігін арттыру, оларды абаттандыру және жол төсемдері мен тротуарларға қысқы қызмет көрсету үшін қала үш ауданға бөлініп, онымен "АБЗ Карьер ДРСУ" ЖШС, "Талдықорған Көркейту" ЖШС және "Шығыс-4" ЖШС айналысады. Биыл бұл мақсатта 729 млн.теңге бөлінді. Барлығы 86 бірлік арнайы техника, 112 адам, 2600 тонна құм және 650 тонна тұз дайындалды. Бүгінгі жауған қарды тазалау жұмысына аталған мекемелердің техника және адам күші толық жұмылдырылды.

Қар әлі де жауып тұр. Қаланың санитарлық тазалығына жауапты мекемелер де тазалық жұмысына сақадай-сай.

Қажет АНДАС

Суретті түсірген - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы