АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА РАДИАЦИЯЛЫҚ ҚАУІП БАР МА? ТЕКСЕРУ НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 09.02.2022
Оқылды: 1506
Бөлім: КҮНДЕРЕК

2021 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы аумағындағы радиациялық жағдай туралы мәлімет жарияланды.

Аумақтық басқармалар және "Ұлттық сараптама орталығы" РМК Алматы облыстық филиалының зертханаларымен бірлесіп облыс аумағындағы радиациялық қауіпсіздікті бақылау мақсатында елді мекендердің радиациялық фонына, тұрғын және қоғамдық ғимараттарды салу және пайдалану кезінде топырақтағы радон мен торон өлшемдері, сондай-ақ, денсаулық сақтау объектілерінде радиологиялық зерттеулер жүргізу кезінде радиациялық қауіпсіздіктің сақталуына тексерулер жүргізу шеңберінде күн сайын мониторинг жүргізеді.

Өткен 2021 жылы:радиациялық сәулеленудің тиімді дозаларының қуатын тұрғын үй массивтерінің аумағына, құрылысқа, қайта жаңартуға жер телімдері аумағында бөлінген кезде 48 896 өлшемдер, тұрғынжай, қоғамдық, өндірістік ғимараттарда 1533 өлшем жүргізілген. Радон, торон және олардың еншілес ыдырау өнімдерінің концентрациясын тұрғын үйлерде мен әлеуметтік мақсаттағы ғимараттарда салу кезінде топырақта 856 өлшем, қолданыстағы тұрғынжай және қоғамдық ғимараттарда 189 өлшем жасалды.

Мониторинг нәтижелері бойынша Алматы облысы аумағындағы радиациялық жағдай дабыл қағатындай емес, радиациялық фон 0,14-тен 0,19 мкЗв/сағ, ал тұрғын үй құрылысы аумағындағы радон мен торонның концентрациясы 20-42Бк/м3 құрайды. 2021 жылы облыс аумағында радиациялық қауіпсіздік бойынша гигиеналық нормативтерден асып кету анықталған жоқ.

Рентгенологиялық кабинеттерді тексеру кезінде 28 объект және 126 жұмыс орны тексерілді, 15305 өлшеу жүргізілді, оның ішінде, 2 объектіде шекті жол берілетін дозалары артуымен 15 өлшеу анықталды. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғаларға әкімшілік шаралар қабылданып, тексеру аяқталғанға дейін кінәраттар жойылды.

Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті осы мүмкіндікті пайдалана отырып, облыс тұрғындарына рентгенологиялық зерттеулер тек дәрігерлердің тағайындауы бойынша жүргізілуі тиіс екенін еске салады. Өйткені, тек емдеуші дәрігерлер ғана осындай диагностикалық процедуралардың қажеттілігін анықтайды. Бұрын жүргізілген рентгенологиялық (флюорографиялық) зерттеулер туралы дәрігерлерге хабарлауды ұмытпаңыз. Өйткені, әртүрлі медициналық ұйымдарда рентгенологиялық процедураларды жасыру және өздігінен өтуі дененің шамадан тыс сәулеленуіне және адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруіне әкелуі мүмкін.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"