ҚАР ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛЫП ҚОЙҒАН ЕКІ ЖІГІТ ҚҰТҚАРЫЛДЫ - ЕСКЕЛДІ АУДАНЫ

Уақыты: 09.02.2022
Оқылды: 1262
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кеше таңғы сағат 05.21-де Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне күндіз сағат 13.00-де «Ssang Yong» автокөлігімен екі ер адам (1999, 2002 жылы туған) Талдықорған қаласынан Ащыбұлақ саяжайына (таулы жер) жол тартқаны және бір күннен бері оралмағаны туралы хабарлама келіп түсті.

Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін шақыру орнына Алматы облысы ТЖД бөлімшелерінің жеке құрамынан 30 адам және 10 бірлік техника, 1 бірлік қар бетімен жүру көлігі жіберілді. Іздеу жұмыстары 3 топпен жүргізілді. Сағат 10:56-да жоғалғандар Ескелді ауданының Қоңыр ауылында (Талдықорған қаласынан 30-40 шақырым) табылды.

Белгілі болғанындай, жастардың автокөлігі қар құрсауында қалып қойған (таулы жерде, желі жоқ аймақта). Таңғы уақытта оларда дизель отыны таусылған. Жанармай құйылғаннан кейін автокөлік қар құрсауынан шығарылып, Талдықорған қаласына жеткізілді. Табылған азаматтарға медициналық көмек қажет болмады.

Азаматтардан қауіпсіздік шараларын сақтауды және алыс жолға автокөлікпен шыққан кезде өзіңізбен бірге төтенше жағдайда көмектесетін барлық қажетті заттарды алып жүруді сұраймыз!

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"