АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БЕС АУДАН СУ ТАСҚЫНЫНА САЛҒЫРТ ҚАРАП ОТЫР

Уақыты: 10.02.2022
Оқылды: 1159
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВТЫҢ төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Оған облыстық басқарма, департамент басшылары, аудан мен қала әкімдіктерінің өкілдері қатысты.

Жиында төтенше жағдайлардың алдын алу және оның зардаптарын жою комиссиясының атқарған жұмысы мен жаңажылдық жоспары, көктемгі су тасқынының алдын алу, азаматтық қорғаныс объектілері мен мүліктерге түгендеу жүргізуді ұйымдастыру мәселесі талқыланды.

Шара барысында облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Мұрат Сыдықов сөз алды.

– Былтыр жоспарланған 15 және жоспардан тыс 18 мәселе қаралды. Су басу қауіпі бар 71 елді мекенмен тығыз жұмыс жасадық. Нәтижесінде, өткен жылдармен салыстырғанда су тасқыны азайып келеді, – деп жыл бойы атқарылған жұмыстарды баяндаған ол қауіпсіздік шаралары бойынша берілген тапсырмаларды бірқатар аудан басшыларының орындамағанын айтты. Атап айтсақ, су тасқынының алдын алу бойынша Балқаш, Қарасай, Алакөл, Жамбыл, Қаратал аудандары бекітілген жоспарды орындамаған.

Бұл мәселе бойынша Лаззат Махатұлы: «Қарапайым бекітіп берген жоспарды орындамай жүре берсеңдер, ауданды су басады. Сондықтан, аталған кемшіліктер тез арада жойылуы тиіс. Хаттама толтырылып, комиссияның міндеттері ережеге сәйкес орындалсын»,­ ­ – деп аудан әкімдеріне нақты тапсырма берді.

Өз кезегінде облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Қанат Есболатов облыс аумағындағы ірі өзендер мен көлдерде және су қоймаларында су деңгейін анықтау үшін тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылып, күнделікті мониторинг жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Бұдан кейін «Казгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Алмасхан Нұрланов сөз алып, жауын-шашын көлемінің 2021 жылдың қазанынан бүгінгі күнге дейінгі нәтижесі бойынша Райымбек ауданында нормадан жоғары, 101, 9 мм. (норма 82 мм.). Ал басқа аудандарда нормадан төмен екендігін атап өтті. Ал тоң қату Талдықорған қаласында, Кербұлақ, Алакөл, Сарқан аудандарында нормадан жоғары, басқа аудандарда төмен екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ақпан айында температуралық фон жоғарылап, қатты жаңбыр жауған жағдайда еріген қар мен жауған жаңбырдың салдарынан су тасу қауіпі бар екенін ескертті.

Ақпараттарды толықтай тыңдаған Лаззат Махатұлы төтенше жағдайлар департаменті мен аудан, қала басшыларына жағдайды жіті бақылап, қауіпті аймақтарға кезекшілік қоюды тапсырды. Әр сала қызметкерлеріне жеке-жеке тапсырма берді. Аудан, қала әкімдері мен облыстық төтенше жағдайлар департаментіне ақпан мен наурыз айларында су басу учаскелеріне  көз мөлшерлі тексеру жүргізуді, ауылшаруашылығы басқармасы мен «Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы» РММ-не, «Қазсушар» РМК-нің облыс бойынша филиалына су тасқынына қауіпті және жөндеуді талап ететін гидротехникалық құрылыстардың жұмысын қатаң назарға алуды, каналдарды тазартып, бөгеттер мен дамбыларды нығайтуды тапсырды. «Алматы ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда орналасқан су өткізу құбырларына тазалау жұмыстарын ұйымдастыруды жүктеді.

Жиында азаматтық қорғаныс объектілері мен мүліктерге түгендеу жүргізуді ұйымдастыру мәселесі кеңінен талқыланып, нақты тапсырмалар берілді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы