ҚАРАСАЗДА МҰҚАҒАЛИДЫҢ "РАЙЫМБЕК! РАЙЫМБЕК!" ПОЭМАСЫ САХНАЛАНДЫ

Уақыты: 11.02.2022
Оқылды: 1583
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әр жылғы ақпанның 9 жұлдызы жанымызға жақын, көңілімізге ыстық болып тұрады. Жүз жылда бір туатын ғасыр ақынын дүниеге әкелгені үшін осы күнге деген ықыласымыз шексіз. Ал Мұқағалидың туған күнін елі-жұрты, қасиетті Қарасаз ауылы жыл сайын лайықты түрде атап өтеді. Тіпті, бұл дәстүрге айналып кеткелі қашан?!

Биыл да солай болды. Еркін Ібітанов атындағы Мәдениет үйінде «Болашағым, сен тұрсаң, мен өлмеспін!» атты әдеби-сазды кеш өрнек тапты. Кеш ауданның айтулы перзенті, кино және театр әртісі, режиссер Асқар Наймантаевтың режиссерлығымен Мұқағалидың «Райымбек, Райымбек!» атты поэмасының желісінде дайындалған «Хантәңірі» халық театрының сахналық қойылымымен басталды.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы көпшілікті ақынның 91 жылдығымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Оған қоса ақынға, ақын шығармашылығына арналып өткізілген аудандық өнер байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Атап айтқанда, эстрадалық ән байқауында Нарынқол ауылынан Арман Әділғазы, дәстүрлі ән байқауында Қақпақ ауылынан қатысқан Нұрлан Жолдасов, көркемсөз байқауында Нарынқол ауылынан қатысқан Айдос Бектұрсын бас жүлделі болды. Ернат Стамбаев, Аяжан Бақтыбай, Айбол Монтай, Бақытжан Отанұлы, Айқын Әділұлы, Балнұр Болатбай, Айбек Уәлихан, Ақнұр Алтай, Елзат Сабыр атты өнер иелері 1, 2, 3-орындардан көрінді. Жеңімпаздардың барлығына естелік бағалы сыйлықтар тапсырылды.

– Туған ел мен жерден айналайық! Мұқағалидай ұлы ақынымызды дүниеге әкелген Қарасаздан айналайық! Мен қауіпті індеттен бұрын 9 жыл қатарынан Алматы қаласындағы Республика сарайында ақынның туған күнінде үлкен әдеби-сазды кеш өткізіп жүрдім. Бұл кештердің бергені аз болған жоқ. Арқа тұтар елім барда, құшақ жаяр жерім барда, Мұқағалидай мақтан етер ақыным барда мен де бақыттымын, – деді Асқар Наймантаев шын көңілімен.

Әдеби-сазды кештің тізгінін қолына алған ақын, сазгер, жыршы-термеші, сал, сері Серік Сүйіндік бастаған Аяжан Бақтыбай, Арман Әділғазы, Сабырақын Қадыржан, Айбол Монтай, Тоғжан Арқалық секілді өнер иелері Мұқағалидың өлеңдеріне жазылған тамаша әндерді орындап, жұрт жүрегін баурады. Арман Әділғазы, Қадыржан Сабырақын, Медет Байжұма ақын жырларын шарықтатты. Бір топ дарынды шәкірттер ақынға арнаған өлеңдерін оқыды. Кеште ақын жайлы арнайы дайындалған бейнекөріністер жұрт назарына ұсынылды.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы