ТАЛДЫҚОРҒАНДА КӘРІЗ ҚҰДЫҒЫНЫҢ ІШІНЕН ЕР АДАМНЫҢ ДЕНЕСІ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 22.02.2022
Оқылды: 1151
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда кәріз құдығынан ер адамның мүрдесі табылды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті хабарлады.

Күдікті ретінде тұрғылықты мекен-жайы жоқ үйсіз ер адам ұсталды. Талдықорған қаласында тұрғылықты мекенжайы жоқ 40 жастағы қаңғыбас адам өлтіріп, мәйітін кәріз құдығына жасырып қойған.

«Талдықорған қаласында кәріз құдығын тексеріп жүрген коммуналдық қызметтің мамандары кісі қолынан өлген адамның денесін тауып алған. Сараптама өлтірілген адамның денесінен 20 рет сұғылған пышақтың ізін анықтаған. Қайтыс болған адам Сарқан ауданының 52 жастағы тұрғыны екені анықталды. Ол соңғы жарты жылда қаңғыбастыққа салынып, өмір сүрген», - делінген полиция хабарламасында.

Тергеу кезінде анықталғанындай, екі қаңғыбастың арасындағы жанжал кәріз құдығына таластан басталған. Екеуі сол жерде өмір сүрген. Қазір күдіктіден пышақ айғақзат ретінде тәркіленді. Адам өлтірді деген үйсіз адам қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"