Отан қорғау – борышың

Уақыты: 07.02.2018
Оқылды: 4418
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жыл басталғалы еліміздің түкпір-түкпірінде ер-азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Жергілікті әскери басқару органдары «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңын басшылыққа ала отырып, 2001 жылы туған жасөспірімдерді есепке алуда.

Биыл облыс бойынша 10 мыңға жуық азаматты әскер қатарына шақыру учаскелеріне тіркеу жоспарланған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға артық. Бүгінгі таңда 7 мың адам әскери тіркеуге алынып, оларға салтанатты жағдайда тіркеу куәлігі табысталды. Тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін бұл тізім тағы 3 мың жасөспіріммен толығады. Хабарламаны алған азаматтар тиісті қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерде жалпы білімін, денсаулығын, әскери қызметке жарамдылық деңгейін анықтау мақсатында медициналық тексеруден өтеді. Бұл өз кезегінде әскерге шақырылатын жастарды Қарулы Күштер қатарына дайындауға, олардың санын анықтауға мүмкіндік береді. Денсаулығында кінәрат табылғандар жолдама арқылы тиісті емдеу мекемелерінде ем қабылдап, шақырылғанға дейін сауығып келуі тиіс.
Сондай-ақ, пункттерге тіркеу барысында әскери оқу орындарына түсуге ниет білдіргендерге үгіт-насихат жұмыстары да қосымша жүргізілуде. Әскери оқу бойынша түсіндіру жұмыстары маусым айына дейін жалғасады. Бүгінгі күні өңірдің 500-ден астам азаматы ҚР Қарулы Күштерінің әскери оқу орындарында білім алуда.

Жанар Ержанқызы,
Алматы облыстық қорғаныс істері

департаментінің баспасөз хатшысы