"Медеу айлығы" өткізіледі

Уақыты: 07.02.2018
Оқылды: 1570
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жуырда Алматыдағы “Мәдениеттерді жақындастыру орталығы” мемлекеттік музейінде Медеу Пұсырманұлының еңбегі мен мұрасына арналған қалалық айлықтың ашылуына байланысты жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы мен медеутанушы Бейбіт СапаралыНЫҢ және ұрпақтарының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

1850 жылы Жетісу губерниясында, Кіші Алматы облысының Верный уезіндегі №3 (үшінші) ауылда, қазіргі Іле ауданындағы Түймебаев атындағы ауыл тұрған жерде дүниеге келген Медеу Пұсырманұлының Жетісу өлкесінің, соның ішінде Алматы қаласының қалануына қосқан ерен еңбегін ел жадында қалдыру және қоғам қайраткерінің құрметіне еңселі ескерткіш қою мәселелерінің өзектілігі артпаса кеміген емес. 
Медеу өз дәуірінде арабша, орысша хат таныған дәулетті адам болған. Сондықтан да өскен ортасына көп септігі тиген, әсіресе, табиғатқа шын жанашыр бола білгендігі бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ол кісінің кедей-кепшікке, халыққа жасаған қамқорлығы ел аузынан түспей, аңызға айналғаны ақиқат. 
Баспасөз конференциясында медеутанушы Бейбіт Сапаралы рухани жаңғыру аясында Медеу мұз айдынының алдына тарихи тұлғаның еңселі ескерткішін тұрғызып, сол араға музейін жасау, Медеу сай-шатқалын ЮНЕСКО тізіміне енгізу қажеттігін қозғады.
Сонымен қатар, Медеу аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары Манат Әшірбекова «Медеу айлығы» аясында өтетін іс-шаралар жоспарымен таныстырды. Айлық барысында білім шаңырақтарында Медеу Пұсырманұлы жайлы ашық сабақтар өткізіліп, көркем шығармалар жазу және арнайы тақырыптық конкурстар ұйымдастырылатындығы тілге тиек болды. 
Медеудің ұрпағы Айдарбекова Қазима апа мен Есіл Жазылбековтар еселі еңбегімен ел жадында қалған аталарының өміріне қатысты қызықты оқиғалар мен тың деректерді әңгімеледі.
Өз кезегінде жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы Медеу Пұсырманұлы жайлы кітап жазып, деректі фильм түсіру де сұранып тұрған мәселе екендігімен баспасөз жиынын қорытындылады. 

Ұлбосын ИСАБЕК

Алматы қаласы