Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: "БӘРІ ТЕКСЕРУГЕ ҚҰШТАР"

Уақыты: 09.02.2018
Оқылды: 2170
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті бизнесті тексеруді қысқартуға қатысты жасалған баяндамаға пікір білдірді. «Бұл мәселе осыған дейінгі әрбір отырыста көтерілген еді. Барлығы міндетті түрде тексеруге баруға құштар. Өрт сөндірушінің өзі нысанды қарап шыққаннан кейін ештеңе таппаса, мейрамханадан тым болмаса тегін түскі ас ішіп кетеді», - деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов тексерушілер тарапынан осындай  заң бұзушылықтар бүгінде көп кездеспейтінін алға тартты. Сонымен қатар, ол Елбасына тексерулерге қатысты жарияланған мораторийге алғысын айтты. Бұл шаралар тексерулерге талдау жасауға мүмкіндік берді. «Менен 2014 жылы тексерушілердің арасында кім көш бастап тұрғанын сұраған едіңіз. Қазіргі кезде тексерулер үштен екіге қысқарды. Біз жапа-тармағай тексерулердің ауқымын шын мәнінде қысқарттық. Қазіргі кезде тәуекелдерді басқару жүйесін жолға қойдық. Енді компьютерлік жүйе тәуекелдер аймағын анықтайды, яғни, салықтар аз төленетін жерлер және басқа да жағдайлар айқын көрінеді», - деді Абылай Мырзахметов. Бұл туралы "ҚазАқпарат" агенттігі хабарлады.