NUR-SULTAN: 23 МЫҢ АДАМ ЖИНАЛДЫ

Уақыты: 25.03.2019
Оқылды: 1727
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанның «Жастар» саябағына қала мен алыс-жақын аудандардан 23 мың адам жиналды. Эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерт елорда атауының Нұр-Сұлтан болып өзгертілу құрметіне арналды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері мемлекеттің дамыған елдер қатарына қосылуы үшін аянбай тер төкті. Халықтың тұрмыстық жағдайы көтеріліп, ел экономикасы өрістеді. Мақтанышымызға айналған Астана қаласы бой көтерді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданың атауын Нұрсұлтан Назарбаевтың атына беруді ұсынған болатын. Ұсыныс қолдау тауып, Астана қаласы Нұр-Сұлтан болып ауысты. Алматы облысының тұрғындары бұл жаңалықты қуанышпен қарсы алды.

Эльмира АРЫНБАЕВА,

Қаратал ауданы Кәлпе орта мектебінің мұғалімі:

- Жиырма жылдан аса тариxы бар Астана қаласы Нұр-Сұлтан болып ауысты. Елбасы негізін қалаған қалаға осы атаудың берілуі барлығымызға жігер сыйлады. Ерең еңбегі сіңген жанға осылай құрмет көрсетілуді көппен бірге қолдаймын. Алматы облысының тұрғындары қашанда Елбасымен бірге. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Қалибек АЛПЫСБАЕВ,

"Кең дала" шаруа қожалығының төрағасы:

- Мемлекетімізде үлкен саяси оқиғалар орын алды. Әлем өркениетінде өзіндік орын алып, еліміздің экономикасын өрістеткен Елбасының еңбегі ұшан-теңіз. Көшелерге Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру құптарлық жайт. Ал Елордамыз Астананың Нұр-Сұлтан болып аталуы тарихи шешім. Нұрсұлтан Әбішұлының мол мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, еліміз бейбіт күнде өмір сүре берсін.

Саябақтағы сахнада жергілікті өнерпаздармен қатар эстрада жұлдыздары Төреғали Төреәлі, Жанар Дұғалова, Әли Оқапов, Мәдина Сәдуақасова сынды әншілер ән айтты. «Алтынай», «Горец» би ансамбльдерінің бишілері де өнерлерін паш етті. Халық ортасынан табылған облыс әкімі Амандық Баталов тұрғындармен тілдесіп, суретке түсті. Концерттік бағдарлама соңы отшашуға ұласты.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы