Қ.ТОҚАЕВ: "АПАТ СЕБЕБІН ЗЕРТТЕУДІ ТАПСЫРДЫМ"

Уақыты: 28.03.2019
Оқылды: 1111
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты тікұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қайғылы оқиғадан кейін көп ұзамай қаза тапқандардың тізімі жарияланды. Көкке көтерілген он үш әскери қызметкер мәңгілік сапарға аттанып кетерлерін, әрине, білген жоқ. Жазмышқа не шара?! Қайғылы жағдай барша қазақ елінің қабырғасын қайыстырды. Қаза болғандардың алтауы Алматы облысының азаматтары. Тікұшақ апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мемлекет басшысы әскери тікұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің қаза тапқаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

«Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Мен тиісті мемлекеттік органдарға тікұшақ апатының себептерін зерттеп, қаза тапқандардың отбасына қажетті көмек көрсетуді тапсырдым», - делінген көңіл айту мәтінінде.

Еске сала кетсек, кеше МИ-8 тікұшағы Қызылорда облысының Жалағаш ауданына құлап, борттағы барлық әскерилер қаза тапты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"