СТУДЕНТТЕРГЕ СЕРПІН БЕРГЕН ОНКҮНДІК

Уақыты: 29.03.2019
Оқылды: 2213
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қалалық политехникалық колледжінің «Педагогика және психология» кафедрасында «Болашақ – жастардың қолында» тақырыбымен онкүндік өтті.

Онкүндік аясында «Руханилықтың мөлдір бұлағы» тақырыбында колледж жатақханасында арнайы пәндер оқытушысы Жансая Сайланова және тәлімгер Клара Мұсауованың басшылығымен тәтті тағамдар дайындаудан сайыс ұйымдастырылды. Шараға білім алушылар белсене атсалысып, қызықты және әртүрлі тәттілер жасап, дәм татты. Сонымен қатар, қолөнер көрмесі өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды. Нәтижесінде УТ-71(б) тобының білімгерлері Бексұлтан Қошқарбек I орынды иеленсе, Аделя Қасенова II орыннан, Абылай Төлеген мен Абдрахман Серғазы III орыннан көрінді.

Педагогика және психология пәнінің оқытушысы Н.Ниязовамен бірлесіп, «Мен мақсатыма жетемін» деген тақырыпта тренинг өткіздік. Ал психология пәнінің оқытушысы Г.Шыныбекова күйзеліс (стресс) туралы түсінік беріп, күйзелістен шығу жолдары туралы баяндады. Білім алушылар мен оқытушылардан Д. Ховард бойынша күйзеліске төзімділік тесті алынып, нәтижесі бірден шығарылды. Барлығы дерлік күйзеліске шамалы және орташа ұшырайтындығы белгілі болды.

Онкүндік барысында «Алтын жүрек анамыз» атты өлең оқу байқауы өтіп, І орынды Бауыржан Жұмабаев иеленді. Абдуғазиз Абраким мен Ақбота Жақсымбет ІІ орынды қанжығаласа, Жұлдыз Бекмұратқызы, Асқарбек Болат III орынға ие болды.

ФТ-82(б) тобының білімгерлерінің қатысуымен «Сүйіспеншілікпен өмір сүру» тақырыбына сабақтан тыс іс-шара болды. Білімгерлерді сүйіспеншілікке баулу, адамдар арасындағы қарым-қатынастағы сүйіспеншіліктің мәнін анықтау, түсіндіру мақсатында өткен шарада топпен жұмыс жасалып, интербелсенді әдістер қолданылды. Критериалды тапсырма беріліп,  «Түймедақ», «Бес саусақ», «Сүйіспеншілік», «Синквейн» әдістері пайдаланылды. Қатысушылар тақырып аясында өздерінің пікірлерін айтып, ойларымен бөлісті.

Өткенін, салт-дәстүрін білген ғана озатыны белгілі. Сондықтан, аталған мәселені назарда ұстаған өзін-өзі тану пәнінің оқытушысы Г.Каримова Ф-713 топ білімгерлеріне «Халықтың салт-дәстүрі – болашақ келбеті» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Халықтың салт-дәстүрі арқылы білімгерлерді ұлтжандыққа, отансүйгіштікке тәрбиелей отырып, өз халқының дәстүрлерін жалғастыруға ой-өрісін, рухани байлығын дамытуға тәрбиелеуді мақсат тұтқан сабақ барысында білімгерлер дәстүрлерімізді сахналап, көрініс қойып, ұлттық аспаптарда ойнап өз өнерлерін паш етті.

Ақындық – қасиетті өнер. Осыны қаламды қолына алып, ойларын ақ қағазға түсіріп жүрген білімгерлерге түсіндіру мақсатында кездесулер ұйымдастырылуда. Соның бірі – «Махаббат, достық, жастық шақ!» атты тақырыпта ақын, аудармашы, журналист Сағыныш Намазшамовамен өткен басқосу. Шарада ақынның өмірбаянына тоқталып, жырлары жатқа оқылды. Кеш қонағы сұрақтарға жауап беріп, қонақтан сұралатын кәдесый ретінде гитарада әсем ән орындады. Өз кезегінде жас ақындар туындыларын оқып, ақыл-кеңес алып, пікірлесті.

Он күнге созылған игілікті шара «Мейірімді жүректер ынтымақтастығы» атты қайырымдылық концертімен аяқталды. Қайырымдылық акциясында жиналған қаражат есебінен Жастар жылы аясында Талдықорған политехникалық колледждің жатақханасында тұрып жатқан білімгерлер өз уақыттырын тиімді де қызықты өткізу үшін үшінші қабаттағы фойеге демалыс бұрышы жасалмақ.

А. БЕЙСЕТОВ,

Талдықорған политехникалық колледжі "Педагогика және психология" кафедрасының меңгерушісі