ҚОРДАЙ: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРУ - ӘР ҚАЗАҚСТАНДЫҚҚА МІНДЕТ

Уақыты: 15.03.2020
Оқылды: 944
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Халқымыз өзара ынтымақтың, береке-бірліктің бастауы келісімде жатқанын «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген жалғыз ауыз сөзбен жеткізеді. Сол арқылы әрбір үйдің, әрбір ауылдың, әрбір ел мен мемлекеттің тұрақтылығы, тыныштығы, бейбітшілігі қалыптасатынын ұғу аса қиын емес. Осыны жақсы білетін даналарымыз Мемлекет басшылары жайлы «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деп түйіндейді.

Наурыз айының 1-і күні Жамбыл облысының Қордай ауданына арнайы барған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті халықпен кездесу өткізіп, еліміздің басты байлығы ынтымақ пен бірлікте, келісім мен ымырада екенін әңгімеледі.

Дүнген жастарының қарт адамды қадірлемей қол жұмсауынан туындаған қақтығыстың салдары ауыр екенін алға тартып, кеткен шығынның қалпына келтірілетінін жеткізді. Жүздесу барысында мемлекеттік тілдің қолданылу аясының кеңеюіне үлес қосу мемлекет пен қоғамның басты міндеті екендігін көкірек көзі ашық адам оңай ұғынды, дұрыс қабылдады.

Расында әр мемлекеттің ортақ тілі, рәміздері болатыны анық. Оны қадірлеу, қастерлеу, құрмет көрсету сол мемлекеттің әрбір азаматына бұлжымас қағида. Барлық өркениетті елдерде солай екені белгілі. Ендеше, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін меңгеріп, Туы мен Елтаңбасына бас ию, Гимнін жатқа айту өзін қазақстандықпын деп есептейтін әркімге міндет. Ендеше, өзің тұрған жердің тілін білу, оның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын құрметтеу, рәміздеріне ықылас таныту қай ұлт өкілі үшін де міндет, жазылмаған заң. Өйткені, суын ішіп, нанын жеп отырған жерге құрметпен қарау адамзатқа ортақ ұғым.

Тағдырдың айдауымен Ұлы Далаға әр жылдарда қоныс аударған диаспора өкілдеріне қамқорлығын аямаған халқымыздың оларға қиындықта қолдау, ауыртпалықта демеу танытқанын ұмытпайық, ағайын!

Мәди АЛЖАНБАЙ