"ҚАҚСАМАШЫ!" АУЫЛ ТҰРҒЫНЫН БАЛАҒАТТАҒАН ӘКІМ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТТІ

Уақыты: 13.03.2020
Оқылды: 991
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көше бойындағы жиында бір тұрғынға балағат сөздер айтқан Еңбекшіқазақ ауданы, Көктөбе ауылының әкімі Болат Жасыбаев қызметінен кету туралы өтініш берді. Бұл жайында "Tengrinews.kz" тілшісі жазды.

Экс-әкім бейнеүндеу жариялап, атышулы оқиға Еңбекшіқазақ ауданындағы Төле би және Алмалы ауылдарына ауыз суын тарту мәселесі қозғалған кезде болғанын айтты. Болат Жасыбаев өзін ұстай алмағаны үшін кешірім сұрап, неліктен мұндай қадамға барғанын түсіндірді.

- Ауыл тұрғындары мейрам күндері менің немен айналысқанымды, қандай жағдайда жүргенімді біледі. Күні бойы су құбырының жөндеу жұмыстарымен және ауызсумен қамту мәселесімен жүрдім, - деді ауыл әкімі.

"Біз видеоны тексеріп, Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің өкілдерімен сөйлестік. Қазіргі уақытта ауылдық округ әкімін жұмыстан босату бойынша құжаттар дайындалып жатыр. Шешім қабылданды. Облыс әкімінің тапсырмасы бар. Енді тек құжаттарды рәсімдеу керек", - деген еді Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі өкілдері.

Ауыл басшысының тұрғынды балағаттап тұрған бейнематериалы "Instagram" әлеуметтік желісіне жүктеліп, көпшілікке тарап кетті. Онда сөзін бөле берген тұрғынға ауыл әкімі: "Қақсамашы," - деп айтып, бейәдеп сөздермен балағаттайды. Сондай-ақ, жанында жиналып тұрғандарға да қарсы дауыс көтеріп сөйлегені байқалады.

Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аудан басшылығы қызметінен босату туралы тиісті бұйрықты шығарған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы