ОТАНДЫҚ ӨНІМ: ЕЛІМІЗДЕ "ҚАЗАҚСТАН" ДЕГЕН АТПЕН ҚАҒАЗ КӨЙЛЕК ТІГІЛДІ

Уақыты: 16.03.2020
Оқылды: 1532
Бөлім: КҮНДЕРЕК

"Бақытты елдің ұрпағы" қоғамдық қоры еліміздегі ең ірі ұйым ретінде әрдайым жас таланттарды қолдауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Биыл аталған қор дарынды балалардың шығармашылығын насихаттау мен қолдау мақсатында республикалық байқауын өткізді.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық байқауға жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен жас дарынды балалар қатысады. Аталған байқау – қазақстандық мәдениет кеңістігіндегі елеулі жобалардың бірі әрі бірегейі. Жоба балалар шығармашылығын дамытуға, дарынды бүлдіршіндерді анықтауға арналғандықтан облыстың намысын қорғауға Аяулым Нығметжанова қатысты.

Он саусағынан өнер тамған жас өреннің болашақта биік белесті бағындыратыны анық. Кесте тігу, ою ою, түрлі-түсті қағаздардан ерекше бұйымдар жасаумен айналысатын Аяулым бұл байқауға қағаздан көйлек тігіп киді.

Өз қолынан шыққан туындысын «Қазақстан» деп атауының өзінде үлкен мән мен мағына жатыр. Себебі, қолөнер иесі бұл көйлекті отандық өнім, яғни, «Қазақстан» шоколадының сыртқы қағазынан құраған. Бір көйлекке 177 дана шоколад алып, асқан шеберлікпен жасауының өзі үлкен еңбекті талап етеді. Отандық өнімді ғана тұтынатын Аяулымның ата-анасына да осы тұста үлкен алғыс айтсақ артық болмас.

"Сәнді киім үлгісі" номинациясы бойынша қатысқан Аяулым Айбатқызы бас жүлдені иеленіп, Ташкент қаласында өтетін байқау-фестивальға жолдама алды.

Шәкірт тәрбиелеп, жас дарындардың шеберлігін шыңдауға қосқан үлесі үшін жетекшісі Нұргүл Ершатқызы "Бақытты елдің ұрпағы" қоғамдық қорының бас директоры К.Түлеуғалиеваның, директор Ү.Қалиеваның Алғыс хатына ие болды.

Кішкентай болса да таудай дарынды Аяулым Айбатқызының болашағынан зор үміт күтеміз. 

Нұргүл НЫҒМЕТЖАНОВА,

Оқушылар сарайының қосымша білім беру педагогы,

"Сәнді қолөнер" үйірмесінің жетекшісі

Талдықорған қаласы