"ЖӨТЕЛ МАЗАЛАЙДЫ": ВИРУС ЖҰҚТЫРҒАН БІР НАУҚАСТЫҢ ЖАҒДАЙЫ ОРТАША

Уақыты: 19.03.2020
Оқылды: 1185
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматыда коронавирус жұқтырғандардың саны қазір 19-ға жетті. Алматы қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев науқастардың денсаулығы жайлы айтты. Бұл туралы "Қазақпарат" мәлімдеді.

- Өздеріңізге белгілі, бүгін Алматыда 19-шы науқас тіркелді. Ол Краснодар-Мәскеу-Алматы рейсімен ұшып келген. Бұл ел карантин санатына кірмеген. Алайда ол алдында анықталған науқас әйелмен байланыста болған соң провизорлық емханада жатқан болатын. Бүгін одан алынған тест оң нәтиже берді. Ол жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Қазір барлығы 16 адам қалалық ауруханада жатыр, ал балалар ауруханасында - 2 бала, бір баланың анасы жатыр. 18 адамның жағдайы бірқалыпты, қанағаттанарлық. Ешқайсысында катаралды құбылыс жоқ, - деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, бір адамның өкпесінде обструктивті өзгерістер болған соң жағдайы орташа деп бағаланып отыр. «Бұл адамның өкпесінде бұрыннан созылмалы обструктивті өзгерістер бар екен. Созылмалы бронхит диагнозы бар. Сол үшін қазір жөтел мазалайды деп шағым айтады. Бірақ жағдайы қазір бақылауда», - деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, қазір Алматыда 608 адам провизорлық емханада жатыр. 730 адам үй карантиніне оқшауланған. Қазіргі таңда еліміз бойынша қауіпті індетті жұқтырғандар саны - 37.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"