КОРОНАВИРУС: МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ДА ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТЫЛУЫ МҮМКІН

Уақыты: 19.03.2020
Оқылды: 1487
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Елдегі төтенше жағдайға байланысты оқу орындарында сабақ оқыту тоқтатылғаны белгілі. Студенттер мен мектеп оқушылары және балабақшалардың бүгінгі жағдайы, алдағы уақытта нендей шаралар жоспарланатыны жайлы «Жетісу-Медиа» алаңына облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова келіп, журналистер сауалына жауап берді.

Спикер барлық оқушының өз үйлерінде екенін айтты. Әзірге мектептерде директор, директордың орынбасарлары және техникалық персоналдар бар екенін айтты. Сондай-ақ, балабақшаларға балаларының баратын-бармайтынын ата-аналар өздері шешетін көрінеді. Барлығы 1167 мектепке дейінгі мекемеде 85632 бала тіркелген. Бүгінде сол балалардың 33 пайызы, яғни, 28218 бүлдіршін мекемеге қатынауда. Ал, колледж оқушылары алыстан оқыту әдісі бойынша білім алуда. Облыстағы 78 колледжде барлығы 30 мың студент оқиды. Олардың барлығы үйлеріне жіберілген. Жасөспірімдердің амандығы, отбасына аман-есен жеткендігі ұстаздар тарапынан қадағалануда.

Ерекше тоқталатын жағдай, баратын жері жоқ 30 оқушы жатақханада қалған. Жаңыл Мағданқызының айтуынша, ұл-қыздардың жағдайы жақсы. Ерекше қадағалауда. Әрқайсысына бөлек бөлме берілген.

Облыс бойынша барлығы 760 мектепте 410329 бала білім алады. Спикер мектеп оқушыларын да қашықтан оқыту жайлы мәселе көтерілгенін айтты.

– Егер төтенше жағдай жалғасатын болса, қашықтықтан оқыту жүзеге асырылады. Оған бүгінде ұстаздар дайындалуда. Бұл жөнінде алдағы уақытта жеке хабарлайтын боламыз, – деді Жаңыл Мағданқызы.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы