КОРОНАВИРУС: ТАЛДЫҚОРҒАНҒА ТӨРТ САНИТАРЛЫҚ ПОСТ ОРНАТЫЛАДЫ

Уақыты: 21.03.2020
Оқылды: 1151
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлемде және елімізде коронавирустың өршуіне байланысты Талдықорғанның сырттан кіретін төрт жолына санитарлық пост қойылады. Онда санитар-дәрігер, ветеринар, көліктерге дезинфекция жасайтындар және құқық қорғаушылар тұрады.

Мамандар өз салалары бойынша тексеру жасап, сауалнама жүргізеді. Кіргендердің барлығының мәліметін алады. Дене қызуы көтерілгендер қалаға кіргізілмейді. Бірден ауруханаға жөнелтіледі. Сондай-ақ, бұл бекеттерде ауру күдігіне ілінбеген адамдардың үйіне барған соң да не істейтіндері түсіндіріледі. Осындай 14  бекет Іле, Талғар, Қарасай аудандарына да қойылады.

Талдықорғандағы тәулік бойы істейтін 4 санитарлық бекет мына жерлерде орналасқан:

1-ші санитарлық бекет - Алматы қаласынан кіреберісте, Алматы трассасында;

2-ші санитарлық бекет - Қаратал ауданынан кіреберісте, Үштөбе трассасында;

3-ші санитарлық бекет - Ескелді ауданы, Қарабұлақ трассасында;

4-ші санитарлық бекет - Ақсу ауданынан кіре берісте, Үшарал трассасында.

Осы тәулік бойы істейтін санитарлық бекеттерде полиция және СЭС қызметкерлері тепловизорлармен тұрады. Олар барлық қалаға кіретін адамдарды тексереді. Сондай-ақ, барлық келген адамдар арнайы сауалнаманы толтыратын болады.

Алматы облысындағы республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар барлық автожолдар ашық, олар жабылмайды.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы