ІСМЕР ӘЙЕЛ ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРДІ КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕСУГЕ ШАҚЫРДЫ

Уақыты: 22.03.2020
Оқылды: 877
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүкіл әлемді әуре-сарсаңға салып, қауіп төндірген Сovid-19 жұқпалы індетінің бетін қайтару - күллі адамзаттың ортақ міндетіне айналды. Бұл тығырықтан шығу үшін Қазақстан халқына береке-бірлік, бауырмалдық пен сабыр керек.

Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылының тұрғыны Сымбат Сыдықова өзі қатарлы қыз-келіншектерге коронавируспен күресудің бірінші қадамы бетперде тігу екенін айтып, үндеу тастады. Ол өзінің отбасындағы бос уақытын медициналық бетперде жасауға арнап отыр. Сондай-ақ, Сымбат бетпердені сатып пайда табуды емес, айналасындағы жақындарына және көпбалалы отбасына үлестіруді көздейді.

Сымбаттың бұл үлгілі ісіне отбасындағылар мен туыс-туғандары дән риза. Иә, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жақсылық істеуге жаны құмар жандар дәл осылай сауапты іс атқарса, қиындықты жеңуге аз да болса септігі тиері сөзсіз.

- Дәріханаларда бетперде жеткілікті болса да, осылай көмектесемін. Өйткені, оны сатып алу қалтасына ауыр тиетін адамдар бар екенін ұмытпайық. Барлық қыз-келіншектерді бетперде тігуге шақырамын, - дейді ол.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"