ФИЗИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТІЛ БАЙҚАУЫНДА ТОП ЖАРДЫ

Уақыты: 23.09.2020
Оқылды: 1252
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісулық тағы бір талантты азамат республикалық байқауда қанжығасын майлады. Ол ел көлемінде өткен «Тіл шебері» атты додада жүлделі екінші орыннан көрінді. Аталмыш аламанда жеңіс тұғырына көтерілген жеңімпазды Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұжымы қошеметпен қарсы алып, қуанышымен құттықтады.

Еліміз бойыныша «Тіл шебері» байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Оған өңірімізде өткен додада бәс бәйгені еншілеген үміткер арнайы жолдамамен қатысады. Ағымдағы жылдың 22 тамызында өткен Алматы облыстық байқауында Еркін ауылындағы Есжан Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Қанат Жақсыбаев жеңімпаз атанған болатын. Бүгінде өңір үкілеген ұлағат иесі үмітті ақтады.

– Республикалық байқау «Елтаным», «Сөзтаным», «Ойтаным» атты үш кезең бойынша өтті. Онлайн форматта өрбіді. Дайындығым жақсы болып, бабым мен бағым жанып, жүлдегерлер санатынан табылдым, – дейді Қанат Абайбекұлы.

Айта кетерлігі, байқаудың «елтаным» кезеңінде қатысушылар қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғаларын, Алаш жері мен оның аймақтары жөнінде үш тілде жауап берсе, «сөзтаным» кезеңінде экранда көрсетілген сөйлемдерді оқып, орыс-ағылшын тілінде жылдам әрі мүдірмей жауап беруге тиіс болған. Ал «ойтаным» кезеңінде белгіленген тақырып бойынша 20 минут ішінде эссе жазған.

Ел бойынша қазақ, орыс, ағылшын тілі мамандары қатысқан байқауда мерейі үстем болған жерлесіміз тұғырлы үш тілді жетік меңгерген маман. Өңір намысын қорғаған азаматқа тілдерді дамыту басқармасы алғыс айтып, абырой шыңынан осылай көріне беруіне тілекші екенін жеткізді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы