ТАЛДЫҚОРҒАНДА "БЕРЕКЕЛІ ШАҢЫРАҚ" БАЙҚАУЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҒАРЫЛДЫ

Уақыты: 18.09.2020
Оқылды: 1008
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Берекелі шаңырақ» атты байқаудың қорытындысы шығарылды.

Айта кетерлігі, байқаудың іріктеу кезеңдері пандемияға байланысты онлайн түрде өткізілді. Сайысқа 40 жасқа дейінгі отбасылар қатысады деген талап бойынша облыстағы этномәдени орталықтардың ішінен суырылып шыққан 26 отбасы қатысты.

Олар онлайн түрде «Менің тату отбасым» кезеңінде өздерін таныстырып, отбасы құндылықтарын көрсетсе, «Менің отбасымның дәстүрі» кезеңінде өз ұлтының салт-дәстүрін, мәдениеті, өнерін көрсетті. Осы кезеңде 7 минуттық бейнебаян дайындау туралы да тапсырылды.

Осы екі кезеңнен сүрінбей өткен Алакөл, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Панфилов, Талғар, аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларынан 12 отбасы шешуші сайыста өнер көрсетті.

Іріктеу турына қатысқан отбасыларды этномәдени бірлестіктердің өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалап, жеңімпаздарды анықтады. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Талдықорған қаласынан Искаковтар отбасы, екінші орынды Талғар ауданынан келген Айбахуновтар отбасы, үшінші орынды Текелі қаласынан келген Мұсановтар отбасы иеленді. Айта кететерлігі, бұл байқауға әріптесіміз, газетіміздің Алакөл ауданындағы меншікті тілшісі Алмат Есенбеков те қатысып, көптің ризашылығына бөленді.

Жүлдегерлермен қатар басқа да белсенді қатысушылар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының дипломымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Қажет АНДАС

Алматы облысы