"ЖЕРГІЛІКТІ ӘКІМДІКТЕР ЕНЖАР": ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ

Уақыты: 18.09.2020
Оқылды: 1054
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек КӨШЕРБАЕВТЫҢ төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Онлайн режимде өткен жиында екі мәселе – «Қазақстан Республикасында жер ресурстарын басқару, пайдалану және қорғау тиімділігі туралы» және «Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік қолдау шараларын іске асырудың тиімділігі туралы» деген тақырыптар талқыланды.

Бас Прокурор Ғизат Нұрдәулетов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның өткен отырысындағы талқыланған мәселелердің орындалуы жайлы есеп беріп, атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырды.

Одан соң сөз тізгінін алған Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру қарқынының баяулап қалғанына назар аударылып, бірінші кезекте аумақтардағы жайластыру жұмыстары қарқынының төмен екендігі айтылғанын еске салды.

Осыған байланысты отырыстағы бірінші мәселеге орай Ауылшаруашылық министрі Сапархан Кесікбаев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Индустрия инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасап, қалыптасқан жағдайды түсіндірді.

Талқылау барысында баяндамашыларға жер құқығы қатынастары саласында, оның ішінде кәсіпкерлік пен жеке тұрғын үй құрылысына жер беру кезінде барынша ашықтық пен жүйелілікті қамтамасыз ету тапсырылды. Пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жерлерін кері қайтару бойынша жергілікті әкімдіктер жұмысының енжарлығы сынға алынды.

Мысалы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында Жерді қашықтықтан зондтау пилоттық жобасының нәтижесі бойынша жер инспекциялары берген мәліметтерден тыс көптеген ауылшаруашылығы алқаптарының пайдаланылмай жатқаны анықталды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру саласында жинақталған түйткілді мәселелерді жедел жою тапсырылды. Сондай-ақ, әкімдерге және салалық министрліктерге жеке тұрғын үй құрылысына арналған массивтерді коммуналдық инфрақұрылыммен жабдықтау мәселелерін шешудің баламалы жолдарын әзірлеу ұсынылды.

Жалпы, отырыста талқыланған проблемалар күтпеген жерден шығуы мүмкін Сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін комиссия уәкілетті мемлекеттік органдарға парақорлықты, жемқорлықты жою бойынша дереу шаралар қабылдау қажеттігін көрсетті.

Екінші мәселені талқылау барысында тұрғын үй қатынастары саласындағы «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру барысы қаралды. Комиссия мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің алдағы жоспарлары туралы уәкілетті органдар басшыларының баяндамаларын назарға алды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы демографиялық және көші-қон процестеріне байланысты тұрғын үйге сұраныстың артуы, бұл мақсатты жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.

Тұрғын үй сапасын қамтамасыз ету, жауапсыз құрылыс компанияларынан зардап шеккен үлескерлердің проблемаларын шешу, тұрғын үй бағдарламаларына бөлінген мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына қаржылық бақылау шараларын күшейту мәселелерін пысықтап, отырысты қорытындылаған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуы бақылауға алынатынын жеткізді.

Комиссия отырысына байланысты Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов өңірдің жауапты мамандарынан жерге, үйге, жайылымдық жерлерге кезекке тұрған адамдарды электронды базаға кіргізу жайын жұмысын сұрап біліп, берілген тапсырмалардың мұқият орындалуын тапсырды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды