ҚЫС ҚАРСАҢЫНДА ЖАҢА ҚАЗАНДЫҚТАР ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Уақыты: 18.09.2020
Оқылды: 954
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында жылыту маусымы басталмас бұрын Қарасай және Талғар аудандарында 1000-нан астам абоненті бар 23 көппәтерлі тұрғын үйді орталық жылытуға қосуға мүмкіндік беретін 14 блок-модульді қазандық құрылысы аяқталады.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, Қарасай өңірінде жалпы құны 983 миллион теңгені құрайтын 3 блок-модульді қазандық (БМҚ) орнатылады.

Нәтижесінде, 409 абоненті бар 10 көппәтерлі тұрғын үй орталықтандырылған жылумен жабдықтауға қосылады.

Жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, Талғар ауданында 11 БМҚ құрылысы үшін «Gorizont KZ» ЖШС-мен 850 миллион теңге сомасында инвестициялық келісімшарт жасалды. Ол 632 абоненті бар 13 көппәтерлі тұрғын үйді жылытпақ.

Өткен жылдың соңында Талғар ауданында 129 көппәтерлі тұрғын үйге 21 БМҚ орнатылды. Нәтижесінде, 3857 абонент сапалы жылумен қамтамасыз етілді. Биыл Қаратал, Қарасай, Еңбекшіқазақ және Панфилов аудандарында 33 БМҚ орнату арқылы 108 көппәтерлі тұрғын үйді орталықтандырылған жылытуға қосудың жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. 2021 жылы Еңбекшіқазақ, Қарасай, Ұйғыр, Көксу және Іле аудандарында 254,3 миллион теңгеге 106 көппәтерлі тұрғын үйді қамтитын 17 БМҚ орнату үшін қосымша жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу жоспарлануда.

Талғар ауданына қарасты Мелиоратор және Бозторғай шағынауданы тұрғындары көпқабатты үйлерді орталықтандырылған жылумен жабдықтауға қосу мәселесін облыс әкімі Амандық Баталовқа жолдаған болатын. Модульдік қазандықтарды орнату жұмыстары облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аталған шағынауданда жүйелі түрде атқарылуда.

Дәл осы шағынаудан тұрғындары облыстың барлық ауданы мен қаласын біртіндеп қамтитын жұмыс нәтижесін алғашқылардың бірі болып жоғары бағалады.

Облыс әкімі Амандық Баталов атап өткендей, көппәтерлі тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылумен жабдықтауға қосу – халықтың өмір сүру деңгейін көтеру үшін атқарылатын жұмыстың бірі. Демек, бұл жұмыс қойылған міндеттерді зор жауапкершілікпен сапалы орындауды талап етеді.

Облыста барлығы 3581 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 366-сы жеке жылу жүйесіне қосылған. 2018 жылдан бастап бекітілген кестеге сәйкес орталық газбен жылытуға көшіру жұмыстары жүргізілуде.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды