АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ҰЙҒЫР АУДАНЫНА КЕЛДІ

Уақыты: 19.09.2020
Оқылды: 995
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам  ӘЛИ өзінің алғашқы жұмыс сапарын шегара шебінде орналасқан Ұйғыр ауданынан бастады.

Ұйғыр  ауданында жиырмадан аса елді мекен бар. Отыз мыңнан аса халық өмір сүруде. Қарадала өңірінің өткен сегіз айдағы экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштері жаман емес. Барлық салада ілгерілеу бар. Ауданға көгілдір отын келіп қойған. Өңірде бау-бақша жақсы жағдайда. Аудан тұрғындары көкөніспен және жеміс түрлерімен өздерін-өздері қамтып қана қоймай, республикаға да таратып отыр. Ауданда жылыжай жұмысы да өркендеген. Туризмнің де берері көп. Өткен жылдың ауқымында 71 мың адамға, туристерге қызмет көрсетілген.

Ауданда жеті мыңнан аса адам кәсіпкерлікпен айналысуда. Шағын және орта бизнес те жақсы дамып келеді. Өңірде 1830 мұғалім еңбек етеді. 11 мыңнан аса оқушының дені қашықтан дәріс алуда. 25 медицина мекемесінде 109 дәрігер, 416 орта буын медициналық қызметкер жұмыс істейді. 39 мәдениет мекемесінде 124 маман еңбек етуде.

– Алғашқы жұмыс сапарымды сіздердің аудандарыңыздан бастап отырмын. Аудандарыңыздың жайын жақсы білемін. Мұнда өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің арасында достық пен ынтымақ орнаған. Бірлік бар жерде берекелі тірлік бар. Оның жарқын мысалдары сіздерде жетерлік, – деп сөз бастаған облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқымызға арнаған кезекті Жолдауына тоқталды.

Президент Жолдауында: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру», – деп атап көрсетілген. Маңызды құжатта жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алатыны айтылған.

Рустам Әли, әсіресе, өңірдегі жастар тәрбиесіне баса назар аудару қажеттігін алға тартты. Ортада кішкентай дүниеден от тұтататын арандатушы адамдардың да барын жоққа шығарған жоқ. Сондықтан жастарға жақсы тәлім мен тәрбие берген абзал.

- Президенттің Жолдауында жастар туралы жақсы әңгімелер айтылды. «Біріншіден, XXI ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы  жүзеге асырған абзал. Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда  болуы керек», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Рустам Әлиұлы өскелең уақытқа орай ақпарат жүйесінің де дамып отырғанын сөз етті. Бұған да назар аударған жөн. Ақпарат кеңістігінде неше түрлі дүниелер, пікірлер жүреді. Соның дұрыс, бұрысын да жастарға түсіндіріп отырған абзал. Не оқуда, не жұмыста жоқ бос жүрген жастарымыз да жетерлік. Оларды ортаға, іспен шұғылдануға тарту керек. Осындай кезеңде аудандағы тұрақтылықты сақтап, өңірдің болашағына негізделген шаруаларды қолға алып, дамыта беру керек. Шын мәнінде, Ұйғыр ауданында соңғы жылдардан бері бір кезде жұмысы тоқтап қалған құс фабрикасын қайтадан іске қосу бағытында жұмыс жүріп жатыр. Бұл аудандағы мыңдаған адамды жұмыспен қамтымақ. Өңірдің бір игілігі осы құс фабрикасында екендігі сөз болды.

Облыс әкімінің орынбасары әлемде, түрлі елдерде орын алып жатқан қақтығыстарды сөз ете келіп, республикамыздағы тұрақтылық пен қоғамдық келісім жайын, ұлттар арасындағы достық пен бірлік мәселесін алға тартты. Жастарды әл-Фараби мен Абайдай ғұламаларымыздың ілімімен сусындату қажеттігін ортаға салды.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай жұмыстар да жалғаса бермек. Бұл ретте ауданнан шыққан барша азаматтармен, түлектермен бірлесе жұмыс жүргізілмек. Биылғыдай тәжтажал алаңдатқан қиындыққа толы кезеңде әлемді жайлаған дағдарыс біздің де елді айналып өтіп отырған жоқ. Сондықтан осындай сындарлы шақта ортамызды ұйытқан береке-бірлікпен еңбек ету, өмір сүру – аса маңызды.

Рустам Әли аудан әкімдігінің үлкен залында жұртшылық өкілдерімен, қоғамдық ұйым жетекшілерімен жүздесуінде залдан түскен сұрақтарға да жауап берді. Кейбір мәселелерді облыс әкіміне жеткізетінін айтты. Аудан әкімі Шухрат Нурахунов өңір жайын әңгімелеп, арнайы іссапармен келген Рустам Әли  тұрғындар атынан алғысын жеткізіп, жаңадан бастаған ісіне сәттілік тіледі.

Түстен кейін облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли Шонжы ауылындағы политехникалық колледжде болды. Оның жұмыстарымен колледждің директоры С.Рақымжан таныстырды. Облыс әкімінің орынбасары колледждегі тігін цехын, көлік жөндейтін орнын, жатақханасын, тағы да басқа игілікті дүниелерін көзімен көріп, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, білім шаңырақтарындағы қашықтан оқыту мәселесіне де назар аударып, тиісті ескертпелерін жасады.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы