АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНА ЖАҢА ТӨРАҒА САЙЛАНДЫ

Уақыты: 20.09.2020
Оқылды: 1486
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының кезектен тыс XVIII конференциясы өтті. Кезектен тыс конференциясының күн тәртібінде Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасын сайлау туралы мәселе қаралды.

Бұл туралы аталған кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Конференцияның жұмысына Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева және салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева, Алматы облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов, Алматы облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова және аудандық, қалалық филиалдарынан, бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан сайланған 45 делегат қатысты.

Аталған жиынды облыстық кәсіподақ ұйымы төрағасының міндетін атқарушы Самал Бакирова жүргізіп, жұмысшы органдардың құрамын бекітті.

Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мақсатқызы облыстық кәсіподақ ұйымының жұмысын жоғары бағалап, жаңадан төраға сайлау қажет екенін жеткізіп, кандидаттардың тізімін нақтылады.

Үш кандидат сайлауалды бағдарламасын көпшілікке таныстырып, болашақта атқаратын жұмыстардың мақсаты мен міндетін айқындады.

Конференция делегаттарының қолдауымен Мэлс Төлепбергенов Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы төрағасы болып сайланды.

Алқалы жиында сайланған төраға Мэлс Құлмұханұлы өзін қолдаған конференция делегаттарына алғысын айтып, сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттарға назар аударып, кәсіподақ мүшелерімен бірге жұмыс істейтіндігін жеткізді.

Шара барысында салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мақсатқызы жаңа оқу жылының басталуымен ұстаздарды құттықтап, кәсіподақ мүшелеріне қолдау білдіру мақсатында ноутбуктар мен смартфондарды табыс етті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"