ТАЛДЫҚОРҒАНДА БІР КҮНДЕ 800 ТҮПКЕ ЖУЫҚ АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Уақыты: 21.09.2020
Оқылды: 824
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласында пандемияға байланысты көп уақыттан бері болмаған алғашқы сенбілік өтті. Оған қаладағы басқарма, мекеме қызметкерлері мен ерікті жастар атсалысты.

Сенбілікте арықтар тазаланып, күл-қоқыс шығарылды, көше бойлары сыпырылып, көрнекі құралдар жаңартылды. Сөйтіп, қаланың күзгі тынысы бір ашылып қалды. Сонымен қатар, күзгі ағаш егу жұмысы қолға алынып, көңіл қуантар игілікті іс атқарылды.

Айта кетерлігі, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Талдықорғанды бақ қалаға айналдыруға бағытталған кешенді жоба қабылданған еді. Содан бері жыл сайын көктем және күз айларында көшет егіліп, қаланы жасылдандырудың игілікті жұмыстары жалғасып келеді.

Биылғы күздің алғашқы ағаш егу жұмысын Талдықорған қалалық әкімдігі қолға алды. Бұл күнгі ағаш егу жұмысына қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов бастаған әкімдік ұжымы толық жұмылдырылды.

– Қазіргі жоспар бойынша қалада қазанның 10-на дейін көшет отырғызу науқаны жалғасады. Қазір 5 мың түп ағаш көшеті жеткізілген. Сонымен қатар, тағы да 5 мың түп көшетке сұраныс берілді. Жалпы, жоспардағыдай болса, биыл 10 мың түпке жуық ағаш отырғызбақпыз, – деді қала әкімі.

Сенбіліктің алғашқы күні қаламыздың Қаратал өзені жағалауы және Жансүгіров көшесінің бойы, тағы да басқа жерлерге 800-ге жуық ағаш отырғызылды. Олардың дені жайқалып тұратын сәмбі талдар, мәңгі жасыл, діңі берік, тез өсетін көшеттер. Демек, біраз жылда жас шыбықтар бой түзеп, қаланың сәнін асырып, тұрғындардың саясына айналатын болады.

Қажет АНДАС

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы