ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ 70 ЖАСТАҒЫ АҚСАҚАЛДЫҢ ТЕЛЕФОНЫН ТАУЫП БЕРДІ

Уақыты: 30.09.2020
Оқылды: 971
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Базарда жоғалған телефонын тауып берген тәртіп сақшылары ауыл тұрғынының алғысына ие болды. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Көксу ауданының тәртіп сақшылары аудан орталығы Балпық би кентіндегі мал базарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету барысында белгісіз біреу түсіріп алған смартфон тауып алды.

- Смартфонын жоғалтып алу дерегі бойынша полицияға ешкім арызданған жоқ. Сондықтан, телефонның иесін анықтау бойынша тиісті шаралар атқарылып, телефон 70 жастағы тұрғынға тиесілі екені белгілі болды. Мал базарында телефонын жоғалтқан қария байланыс құралын табудан үмітін үзіп, ешкімге арызданбаған, - дейді Көксу ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Рамиль Гимадиев.

Көксу ауданының тұрғыны жоғалғанын тауып, аман-есен табыстаған тәртіп сақшыларына шексіз алғыс білдірді. Өз кезегінде, полицейлер телефон жоғалуының немесе ұрлануының алдын алу мақсатында киімнің сыртқы қалталарына құнды заттар салмауды және өте мұқият болуды ескертеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"