КЕЛЕСІ ЖЫЛДАН БАСТАП АУЫЛ ӘКІМДЕРІН ХАЛЫҚ ӨЗІ САЙЛАЙДЫ

Уақыты: 03.10.2020
Оқылды: 1021
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат Бейсеқұлова бірден 4 ауданның - Панфилов, Ұйғыр, Кеген және Райымбек аудандарының активімен кездесу өткізді.

Кездесуде мынадай маңызды мәселелер талқыланды:
1) Ағымдағы және келесі жылдары мемлекеттік аппаратты қысқарту, мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру;
2) мемлекеттік қызметке еңбекақы төлеудің факторлық-балдық шкаласын енгізу;
3) келесі 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің сайланбалылығы.

Ағымдағы жылы мемлекеттік қызметшілер санын 10 пайызға немесе 408 бірлікке қысқарту, ал келесі жылы, яғни, 2021 жылы тағы да 15 пайызға қысқарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, функциялардың қайталануы жойылады, жұмыстар мен міндеттердің бір бөлігі бәсекелі нарықтық ортаға беріледі, барлық жұмыс процестері барынша автоматтандырылады.

2021 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап барлық мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің факторлық-балдық шкаласын жаппай енгізу жоспарлануда. Егер бұрын жалақы мөлшері тек атқаратын лауазымы мен жұмыс өтіліне ғана байланысты болса, енді мемлекеттік органдардың еңбегіне ақы төлеудің жаңа моделі енгізіледі. Ол екі бөліктен тұрады: факторлық-балдық шкала бойынша лауазымдық жалақы және бонустар.

Факторлық-балдық шкала білім деңгейі, құзыреттілік және жұмыс тәжірибесі, қойылған міндеттердің күрделілік дәрежесі және нәтижеге қол жеткізу үшін жауапкершілік сияқты негізгі факторлар бойынша әрбір лауазымға балл беруге мүмкіндік береді. Төлемнің бонустық бөлігі қызметкердің жылдық жұмыс нәтижесіне байланысты.

Келесі жылдан бастап өкілеттік мерзімі аяқталатын ауыл әкімдерін сайлау тікелей сайлау құқығын өткізу жолымен, яғни, тікелей азаматтардың өздерімен ұйымдастырылады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"