ҚАПШАҒАЙДА АДАМ ҚАҒЫП ӨЛТІРГЕН ЖҮРГІЗУШІ 2,5 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Уақыты: 05.10.2020
Оқылды: 884
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қапшағай қаласының соты түнгі уақытта адам қағып өлтірген Дәркембаев А.есімді азаматты 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған Дәркембаев сонымен бірге жәбірленуші тарапқа 1 млн.теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ, ол 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Естеріңізге сала кетейік, шілде айында әлеуметтік желіде бейнеүндеу жарияланған болатын. Ол жерде қараңғыда жаяу жүргінші жолынан өтіп бара жатқан адамды көлік қаққанын көруге болады. Жәбірленуші алған жарақаты салдарынан ауруханада көз жұмған.

Заңға сәйкес, мұндай қылмысты жасаған адам 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бірақ сотталушының өз кінәсін толық мойындап, болған қайғылы жағдайға қатты өкінетінін, сондай-ақ, оның бұрын сотталмағаны және кішкентай баласының болуы оның жазасының жеңілдеуіне себеп болған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"