АУЫЛ МАҢЫНДА ОҚ АТЫП ЖҮРГЕН АҢШЫ ӘКІМШІЛІК ЖАЗАҒА ТАРТЫЛДЫ

Уақыты: 05.10.2020
Оқылды: 1118
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар ауданының полицейлері таңғы уақытта ауыл маңында оқ атып, аңшылық жасап жүрген ер адамдарды ұстады. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Құқықбұзушылық әрекет ғаламторды мониторингілеу кезінде анықталған. Тәртіп сақшылары ғаламтордан шағымданған ауыл тұрғынының бейнежазбасына назар аударды. Шағым айтушы ұялы телефонына қолында қаруы бар адамды түсіріп алған.

Аталған дерек ресми тіркеліп, Талғар аудандық полиция басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы, полиция капитаны Д.Берікбаев оқиға орнына жеткен. Ол Арқабай ауылының 34 жастағы тұрғынының қырғауылдарды заңсыз аулағанын анықтап, оның атына тіркелген аңшы қаруын тәркіледі.

Ұсталған азаматқа ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 382-бабына сәйкес жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

Ер адам атына тіркелген аңшы мылтығымен Талғар ауданына қарасты елдімекен жанында екі мәрте оқ атқанын мойындады. Бұл әрекеті жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырған. Бұған дейін азаматтың заңға қайшы әрекет жасамағаны және істеген ісіне өкінетіні ескерілді. Тәркіленген қаруы әкімшілік айыппұлын төлегеннен кейін өзіне қайтарылады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"