"КЕМШІЛІК КӨП": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНА АТ БАСЫН БҰРДЫ

Уақыты: 05.10.2020
Оқылды: 1285
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ескелді ауданы Қарабұлақ кентіндегі орталық ауруханаға Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы ат басын бұрды. Мұндағы күрделі жөндеу жұмысы 90 пайыз аяқталған. Ең бастысы – медициналық құрал-жабдықтармен толығымен қамтамасыз етілген.

Ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарымен қатар есік, терезелері ауыстырылып, жылу жүйесі толығымен жаңартылған. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына ыңғайлы болу үшін барлық жағдай жасалған. Бас мердігер «Консорциум ТарасКрысДизайн» ЖШС барынша сапалы жөндеу жұмысын жүргізген. Нысанның күрделі жөндеу жұмыстарына 1019,3 миллион теңге қарастырылған. Аудан ауруханасы амбулаториялық-емханалық, стационарлық, жедел медициналық көмек көрсетуге толығымен дайын.

Күрделі жөндеу жұмыстарымен Ескелді аудандық ауруханасының директоры Роза Ибраева таныстырды. Оның айтуынша, әр бөлімге жаңа төсектер қойылып, төрт балкон бөлшектеліп, аурухананың екінші және үшінші қабаттарына пластикалық терезелер салынған. Электр жұмыстары, жылу жүйесі, бейнекамералар орнатылған. Ғимарат төбесінде желдету жүйелерін орнату жұмыстары толығымен аяқталған.

Үш қабатты аурухананың әр бөлімі медициналық құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген. Ауруханаға коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеуде таптырмас құралдардың бірі өкпені жасанды желдету аппараты қойылған. Компьютерлік томография, сандық рентген, гемодиализ аппараты, биохимиялық, клиникалық және экспресс-зертханаларға арналған жабдықтар және басқа да барлық қажетті медициналық құрал-жабдық толығымен орнатылған. Науқастар арнайы массаж алатын және денешынықтыратын бөлмелер де қарастырылған. Ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде жаңадан жеделсаты да орнатылған.

Аурухананың жөндеу жұмысымен танысқан облыс басшысы науқастар үшін алғашқы медициналық көмек көрсетуде жұмыс жүйелі атқарылуы керектігін баса айтты. Сондай-ақ, түрлі жаттығу, массаж жұмысымен айналысатын бөлмені кеңейту керек екенін айтты.

Облыста бұқаралық спортты дамытуға баса көңіл бөлінгенін атап өткен облыс әкімі аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барып, нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты. Ауқымды жоба «Ауыл – ел бесігі» атты бағдарлама аясында іске асуда. Спорт сарайының құрылысы 2019 жылдың шілде айында басталған. Нысанның жалпы сметалық құны 1091, 2 миллион теңгені құрайды. Ғимараттың құрылысына  964,2 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде облыстық қазынадан 2019 жылға 600,2 миллион теңге, 2020 жылға 364,0 миллион теңге қарастырылған. Спорт кешені 180 орынға лайықталған.

Бас мердігер «Құрылыс – ТБС» ЖШС директорының орынбасары Нұржан Тоқтаев құрылыс жұмыстарымен таныстырды.

Амандық Ғаббасұлы нысан сыртындағы бағаналардың дұрыс салынбағанын айтып, жобаға өгеріс енгізуді талап етті. 180 адамға арналған спорт кешенінің ішкі құрылысында да кеткен кемшілік аз емес.

– Спорт кешені – Қазақстан Республикасының болашақ мақтаныштарын даярлайтын киелі орын. Ал мұның құрылысына немқұрайды қарауға болмайды. Бұл тендерді ұтып алған мердігердің жұмысын жіті қадағалау керек. Кеткен кемшілік көп. Мысалы, ғимараттың еденін бетоннан құйған. Үстіне 6 миллиметрлі арнайы линолеум төселмекші. Ертең бұл жерге жас спортшылар келсе, денсаулығынан бірден айырылады. Мұндай кемшілікке жол бермеуіміз керек. Құрылыс материалының бағасына емес, сапасына қатты көңіл бөлінсін. Нысанды қабылдау алдында арнайы комиссия құрылып, жұмысты толық тексеру арнайы бекітілген бұйрық бойынша жүзеге асырылсын. Болашақта бұл мердігер облыстың құрылыс жұмыстарына араласпайтын болсын, – деген облыс басшысы мердігер компанияның жұмысына қанағаттанбайтынын жеткізді.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы