ҰЙҒЫР АУДАНЫНЫҢ ШАРУАЛАРЫ ҚЫСЫ-ЖАЗЫ БАУ-БАҚША ӨСІРЕДІ

Уақыты: 06.10.2020
Оқылды: 1048
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ұйғыр ауданында диқаншылық кәсіпті өркендетуге мүмкіндік көп. Тірнектеп істеген тірліктің табыссыз қалмайтынын түсінген кәсіпкерлер бүгінде жылыжай жайын жетік меңгеруге кіріскен. Бау-бақша егу үшін көктем мезгілін күтпей-ақ, жылыжай салып, оны жыл он екі ай өсірумен айналысуда. Бұл кәсіп бүгінде өзінің жан-жақты тиіміділігін көрсетуде.

Бұл туралы Ұйғыр ауданы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жылыжай кешендерінің басым көпшілігі автоматтандырылған жүйеге көшіп, тамшылатып суару және тыңайтқыштарды қосу әдісі мен жылу жүйесі орнатылған. Жер астынан шығатын ыстық су мен күн сәулесінің қызуы бүгінде кәдеге асуда. Табиғат сыйы біраз шығынды азайтуға септігін тигізіп отыр.

Жергілікті кәсіпкерлерлер Кореяның, Туркияның технологияларын меңгеріп, кешенге климат бақылау жүйесін орнатқан. Аталмыш технологияның көмегімен жыл бойы бірқалыпты температураны сақтауға мүмкіндік бар.

Жылыжай салған кәсіпкерлердің шапағаты қазір біраз елге тиіп тұрғаны анық. Аталған кәсіп нысандарында қазір жергілікті тұрғындардан 300-ден астам азамат маусымдық жұмыспен қамтылса, 60 адам тұрақты жұмыс істеуде.

Өткен бір жыл ішінде жылыжай шаруашылықтарының жалпы аумағы 15 пайызға артқан. Бүгінде ауданда 13 жылыжай орын тепкен. Олардың алып жатқан аумағы 12 гектарды құрайды. Өнімдердің басым бөлігі Республика аумағына жеткізіледі. Сондай-ақ, көршілес мемлекеттерге де экспортталады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"