ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТА БАСҚАРМА БАСШЫЛАРЫНЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

Уақыты: 06.10.2020
Оқылды: 1013
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық мәслихатының индустриялық-инновациялық, энергетикалық инфрақұрылымдарды, туризмді дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысы өтті.

Онда екі мәселе қаралды. Алдымен аймақтағы үдемелі индустриялдық-инновациялық даму мен «Бизнестің жол картасы ­- 2025» бағдарламасы бойынша орта, шағын кәсіпкерлікті дамыту және жеке кәсіпкерлікті қолдау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды қараған комиссия мүшелері келесі кезекте облыстық құрылыс басқармасының өткен жыл мен биыл бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарын саралады.

Жиналысты тұрақты комиссияның төрағасы Асқар Сүлейменов жүргізді.

Бірінші мәселе бойынша сөз алған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Темірлан Разбековтың айтуынша, аймақта индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010-2019 жылдары құны 344,2 млрд.теңгені құрайтын 64 нысан іске қосылып, 9800-ден астам жұмыс орны құрылған.

Биыл облыс әкімінің №317 қаулысымен 2020 жылға арналған кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік картасы бекітіліп, жалпы құны 104,1 млрд.теңгені құрайтын 12 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл қосымша 2421 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Жобалар қатарында «Alacem» ЖШС-нің цемент зауытын салу, «Жетісу Соя» ЖШС-нің байпас протеині мен соя майын өндіретін зауытын, «Nauryz Agro» ЖШС-нің бройлер бағытындағы құс фабрикасын, «Салем-Кус» ЖШС-нің бөдене жұмыртқаларын өндіретін құс фермасын, «AGRITECH» ЖШС-нің сояны терең өңдеу зауытын, «OTAN GreenFood» ЖШС-нің құс фабрикасын, «SSA Feed Mills (ЭСЭСЭЙ Фид Миллс)» ЖШС-нің құрама жем зауытын, «Алатау-Кус» ЖШС-нің құс фабрикасын, «Eurasian green product» ЖШС-нің жылыжай құрылысын, «ТКМЗ» ЖШС-нің май дақылдарын қайта өңдеу зауытын, «Алмаз Керамикс» ЖШС-нің керамикалық плиталар шығаратын өндірістің бірінші желісін, «Агрокомплекс «Жетысу Мажико» ЖШС-нің майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытын салу қатарлы ірі жобалар бар. Оның екеуі қазіргі таңда қолданысқа берілсе, қалғандары жыл соңына дейін іске қосылмақ.

Бағдарлама шеңберінде 2025 жылға қарай 4 нысаналы индикаторға қол жеткізу жоспарланған. 2018 жылмен салыстырғанда өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігін 1,6 есе, өңдеуші өнеркәсіп экспортының көлемін 1,9 есе, өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына салынған инвестициялардың нақты көлем индексін 1,6, жұмыс істеп тұрған өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының саны экономикалық белсенді халықтың 1000 адамына шаққанда 1,5 есеге өсіру көзделген.

Баяндама аяқталған соң Темірлан Талғатұлы мәслихат депутаттары тарапынан түскен Талғар ауданындағы кәріз желісі жұмысын аяқтау, «Береке» индустриалды аймағындағы сумен жабдықтау стансысын салу, «Талдықорған» индустриалды аймағының жұмысын жетілдіру, сояның сатылымдағы бағасын қымбаттату, электр энергиясының жетіспеушілігін жойып, бағасын арзандату, өндірістік техникаларды шығаратын кәсіпорын құруды қолға алу, аудан орталықтарынан өңдеуші кәсіпорындар құру, тағы басқа да мәселелер туралы сұрақтарға нақты жауап берді. Сондай-ақ, алдағы уақытта атқарылатын индустриалды жобаларды таныстырды.

Келесі кезекте сөз алған облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Усманбаев саладағы жақсы көрсеткіштерді тілге тиек етті. Оның айтуынша, аймақтың құрылыс саласы да биылғы пандемияға қарамастан жоғары көрсеткіштерге жеткені белгілі. Саланың өткен жылғы бюджеті 59 859,7 млн.теңге болса (республикалық бюджеттен  24 808,5,  жергілікті бюджеттен  35 051,2 млн.теңге), оның 59 639,7 млн.теңгесі немесе 99,6 пайызы игеріліпті. Бөлінген қаражат есебінен 573 нысан, яғни, 23 білім беру, 11 денсаулық сақтау, 425 тұрғын үй, 73 инженерлік желі, 2 мәдениет, 7 коммуналдық шаруашылық, 20 ішкі істер органы, 11 спорт нысанын салу жоспарланды. Осы нысандардың 375-і өткен жылы пайдалануға берілсе, 198 нысан биылға ауысқан. Бүгінде бұл нысандардың бірқатары пайдалануға берілсе, қалғанында қызу жұмыс жүргізілуде. Аталған нысандар жыл соңына дейін қолданысқа берілмек.

Баяндамадан кейін Еркебұлан Әмешұлы мәслихат депутаттары тарапынан түскен келесі жылғы салынатын мектеп құрылысының жай-күйі, Ақсу ауданы Қапал ауылындағы әкімшілік ғимаратына қаражат қарастыру, Талғар ауданындағы жылу желісін іске қосу барысы, аймақтағы су тапшылығы салдарынан туындаған ауылшаруашылығы саласындағы қиындық, тағы басқа да мәселелерге қатысты нақтылы жауап берді.

Атқарылған жұмыстар таныстырылып, атқаруға тиісті жоспарлар ортаға түскен келелі жиын соңында арнайы қаулысы қабылданды.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан