ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ 105 ЖАСТАҒЫ БАТИХА АПАНЫҢ ҮЙІНЕ БАРДЫ

Уақыты: 07.10.2020
Оқылды: 1061
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар ауданының әкімі Серікжан Ерекешев қариялардың үйлерін аралап, есте қаларлық сый-сияпат тарту етті.

- Сіздер жан аямай тер төгіп, еңбек еттіңіздер. Кеуделеріңізді оқ пен отқа тостыңыздар. Ұрпақтың бақытты болашағына денсаулықтарыңызды, қажыр-қайраттарыңызды сарп еттіңіздер. Сіздердің ерен еңбектеріңізді, ерлікке толы өмірлеріңізді ұрпаққа үлгі етіп, алдарыңызда бас иеміз, – деген Серікжан Қазиұлы қарияларды өткен 1 қазан - Қарттар күнімен құттықтап, тарту-таралғысын берді.

Алдымен әкім Талғар қаласында тұратын соғыс ардагерлері Жұмабек Сапаров пен Иван Белоусовтың үйлеріне барып, аман-саулығын білді. Қос ардагер өздеріне көңіл бөліп, қуантқан аудан басшысына алғыстарын жаудырды. Одан соң өмірдің ыстық-суығына төзе жүріп, 105 жасқа келген кейуана Батиха Бапы апамыз бен ғасырмен құрдас Кеңдала ауылының тұрғыны Бубиза Жүнісова апаға арнайы барып, ақ баталарын алды.

Өмірде көргені көп қариялар осы күнге жеткендеріне шүкіршілік ете келіп, халқының амандығын, ұрпақтарының өсіп-өркендеуін Алладан алақан жайып, тіледі. Аудан басшысымен бірге ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов та ізгі тілегін білдірді. Игілікті шараға аудан кәсіпкерлері де атсалысты.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы