САҚТАНЫҢЫЗ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АЛАЯҚТЫҚТЫҢ ЖАҢА ТҮРІ ПАЙДА БОЛДЫ

Уақыты: 08.10.2020
Оқылды: 1133
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының полициясы алаяқтықтың жаңа түрінен сақ болуға шақырады. Бұл жайында Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Алматы облысының полициясы интернет желісіндегі алаяқтардың көбейгені жайында ескертеді. Ескертулерге қарамастан, адамдар әлі де алаяқтардың құрбанына айналуда.

Соңғы уақытта алаяқтар өздерін танымал банктердің қызметкері ретінде таныстыратын әдіс тапқан. Мұндай жағдайда белгісіз тұлғалар қазақстандық ұялы байланыс операторларының абоненттерінен азаматтарға қоңырау шалып, өздерін белгілі бір банктің қызметкері ретінде таныстырады. Бұдан әрі үшінші тұлғалардың өздерінің шотындағы ақша қаражатын алуға тырысып жатқандығын айтып, осыған байланысты барлық банктік шоттар мен карточкаларды сақтандыруды ұсынады.

Алаяқтар дерекқорда растау және жаңарту операцияларын жүргізу үшін азаматтарға өз деректерін (ЖСН, банктік карталардың артқы жағындағы нөмірлері мен кодтарын) жазуды және ақшаны банктік шотқа аударуды сұрайды. Бұл ретте олар өздерінің жалған шоттарының нөмірлерін көрсетіп, ақшаны өз еншілеріне аударып алады.

Осыған байланысты полицейлер азаматтардан өздерінің жеке деректерін, банктік шоттары мен карталарының деректерін белгісіз тұлғаларға хабарламауды сұрайды, сондай-ақ, карталар жоғалған кезде банк операторларына қоңырау шалып, карточкаларды бұғаттау қажет екенін ескертеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан