АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ 12 ПАЙЫЗҒА АЗАЙДЫ

Уақыты: 09.10.2020
Оқылды: 1442
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының жолдарында "Автоураган" кешені өз жұмысын қайта бастады. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Алматы облысында жол-көлік оқиғаларының саны 12,0 пайызға төмендеген. Ал өліммен аяқталған жол апаты 19,9 пайызға, жарақат алғандар саны 11,4 пайызға азайып отыр.

- Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдын алу шаралары қабылданды. Атап айтқанда, патрульдеу бағыттары қайта қаралып, олардың қашықтығы жартысына дейін қысқартылды, нәтижесінде, нарядтардың тығыздығы екі есеге артты. Қозғалыс барынша қарқынды Алматы қаласының маңындағы автожолдарда 10 "Автоураган"  автоматтандырылған бағдарламалық кешенінің жұмысы қалпына келтірілді. Бүгінде облыс бойынша 26 кешен жұмыс істейді. Сонымен қатар, техникалық құралдармен анықталған құқықбұзушылықтар саны 17 мыңнан 127 мыңға дейін өсті. Олардың жұмысының тиімділігі ескеріле отырып, биыл апатты-қауіпті учаскелерде тағы 20 бекет орнатылады. «MESTA FUSION» француз өндірісінің 60 бағдарламалық кешені Алматы – Талдықорған автожолында мемлекеттік-жекешелік серіктестік тәртібімен орнатылатын болады, - деді Алматы облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаев.

Бүгінде республикалық маңызы бар жолдарда, жаяу жүргіншілер өткелдері мен бұрылыстарда 4 мың 700 жарық шағылыстырғыш катафот, дөңгелекті соқпақ брустарда - 5 мың 600 «Кедергіні айналып өту» жол белгілері орнатылған. "Алматы-Қапшағай" бетон автожолында қысқы кезеңде шиналардың жолға ілінуін жақсартуға мүмкіндік беретін эмульсиялы-минералды қоспа жабыны төселген. Бұдан бөлек, "Алматы-Талғар-Бәйдібек би" автожолының көлік жүретін бөлігі кеңейтілген.

- Сонымен қатар, білім беру объектілерінің жанындағы 258 учаскеде ақ-сары түсті гаммада жол таңбасы салынып, 25 учаскеде жасанды жол кедергісі орнатылды. Бір жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы аяқталды (Қарасай ауданындағы Шамалған стансысында), тағы екеуі келесі жылы Еңбекшіқазақ және Іле аудандарында аяқталады. Сондай-ақ, республикалық трассаларда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылдамдық өлшегіштер мен «Крис-П» кешенін пайдалану жандандырылды, - деп толықтырды генерал-майор С.Күдебаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан