Сортты тұқым мол өнім кепілі

Уақыты: 21.06.2016
Оқылды: 2254
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талдықорған кешенді сорт сынау орталығында Қазақстан және Беларусь елдерінің ауылшаруашылығы мамандары бас қосып, тұқым сортын даярлау мен оны жерсіндіру және сынақтан өткізу төңірегіндегі ойларымен бөлісті. Өткен жылы Көкшетаудағы сорт сынау орталығының жұмысымен танысып қайтқан беларусьтық мамандардың биыл Жетісу жеріне келуі тегін емес.

Бүгінгі таңда Жетісу жерінде 13 сорт сынау орталығы жұмыс істейді. Соның алтауы Талдықорған өңіріне шоғырланса, қалғаны Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан. Ал Талдықорған сорт сынау орталығында қант қызылшасы, бидай, соя, жүгері, картоп, күнбағыс, тағы да басқа ауылшаруашылық дақылдары сынақтан өтеді. Әсіресе, қант қызылшасы, майбұршақ, күнбағыс, жүгері,  картоп, көпжылдық шөптерге басымдық беріледі. Кейінгі жылдары Жетісу жерінде қант қызылшасын егуге деген ұмтылыс пен құлшыныс көбейіп отыр. Осыған орай, аталған сорт сынау орталығында «Ауантаж», «Роксана», «Крокодил», «Рис» сияқты гектарына 700 не 800 цетнерден өнім беретін қант қызылшасының сорттары сынақтан өтуде. Бұлар шетелдік тәжірибенің өнімі саналғанымен, қазірдің өзінде Жетісу өңіріне жерсіндіруге болатындығы белгілі болды. Осы орайда, аталған орталықта сыналған сорттар еліміздің әр түпкірінде егіліп, мол өнім беріп келе жатқанын қоса кету керек.

Егін шаруашылығындағы өнімділік ең алдымен жерге сіңіретін тұқым сортына тікелей қатысты. Оған мысалды алыстан іздеудің керегі жоқ. Өткен жылы облысымызда қант қызылшасы мол себіліп, ел еңбегі еселенді. Алайда, әр шаруашылықтың алған өнімі әртүрлі болды. Мысалы «Хильниченкои К» шаруашылығы гектарына 730 центнерден өнім алса, өзгелер гектар берекелілігін 300 центнерден асыра алмады. Бұл жер емшегін емген диқанның үмітін сортты тұқым ақтайтынын ұғындырды. Сондықтан биыл жетісулық диқандар қант қызылшасын өндірудегі әлеуеті жоғары беларустық тәжірибеге қызығушылық танытуда. Әлемдік ауылшаруашылығы саласында Беларусь елінің тәжірибесі озық, ықпалы көп. Әсіресе, ол елдің қант қызылшасын өсірудегі тәжірибесін әлем жұрты меңгеруге құлшынып келеді. Мысалы, осыдан он жыл бұрын қант қызылшасы себілген суармалы жердің гектарынан 250 центнер өнім алатын беларусьтар бүгінгі таңда суарылмайтын жердің гектарынан  600 цетнер өнім жинауда. Ал суармалы жер берекелілігін 800 центнерден асырды. Олардың осы тәжірибесін үйрену қазақстандық шаруалар үшін ауадай қажет.

Жетісу жұртының Беларусьтің ауылшаруашылығы саласымен  іскерлік қарым-қатынас орнатқанына екі жылдан асыпты. Өткен жылы жетісулық делегация Беларусьқа барып, олардың тәжірибесімен бөлісіп қайтса, биыл сол елдің мамандары бізге келуде. Олар біздің сорт сынау орталығының жұмысымен жан-жақты танысу арқылы кейбір жетіспей жатқан жерлеріміз жайында тәжірибе алмасуды мақсат етіпті. Десе де, олардың бізден үйренетіндері де көп. Мамандардан білгеніміздей, Беларусь жерінде бидай жақсы өскенімен, одан алынған ұн нан пісіруге жарамайды екен. Бұл жағынан келгенде қазақстандық бидай сорты беларусьтарға таптырмайтын байлық болуда. Сондай-ақ, елде сынақтан өткен «Арна» атты арпа сорты мен алманың бірнеше сорты Беларусь елінде сұранысқа ие.

Шара аясында шетелдік делегация басшысы  Беларусь Республикасының «Өсімдік сортын қорғау және сынау бойынша мемлекеттік инспекциясы» мм-нің директоры Владимир Бейняның айтуынша, беларусьтық мамандарды өлкемізде сынақтан өткен жаңа тұқым сорттары өнімділігінің жоғары болғаны қызықтырған.  Ал осы топты бастап жүрген ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі «Ауылшаруашылығы дақылдарының сорт сынау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы» ММ-нің төрағасы Талғат Ажғалиев екі ел арасындағы тәжірибе алмасудың еліміздің сорт сынау саласын одан ары дамытуға серпін беретініне сенім білдірді. Жалпы, облысымыздағы қолданыста ауылшаруашылық техникаларының  дені Беларусь елінің өнімі. Тіпті, қызылша себетін техникалардың бәрін сол елден алып келеміз. Мұндай алыс-беріс, ауыс-күйіс алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Қажет Андас