​ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫС ТЕРЕҢДЕЙ ТҮСЕДІ

Уақыты: 11.09.2017
Оқылды: 1172
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Астана қаласында өтіп жатқан «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі қалашығындағы Швейцария павильон­ын­да «Оңтүстік Швейцарияның «Жасыл  энергетикасы» тақырыбында конференция өтті. Жиынға қос мемлекеттің бірқатар жергілікті атқарушы билік органдары өкілдері, ірі компаниялар басшылары және кәсіпкерлер қатысты.

Басқосуды Швейцарияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Урс Шмид ашып, сөз сөйледі. «Біздің еліміз Қазақстанның экономикалық сенімді серіктесі саналады. 2005 жылдан бері Швейцариядан Қазақ елі экономикасына 15 миллиардтан астам АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылған екен және салынған қаражат көлемі бойынша үшінші орында тұр. Бүгінде Орта Азиядағы бұл мемлекетте шамамен 40-тан астам компаниямыз табысты жұмыс істеуде», – деді ол.

Елшінің айтуынша, швейцарлық фармацевтикалық кәсіпорындар Қазақстан нарығына дәрі-дәрмек жеткізуде алда келеді. Бұдан бөлек, еліміз химия, ауылшаруашылығы өнімдерін, машина және машина жасау құрал-жабдықтарын, сонымен қатар швейцарлық сағаттарды сатып алуда. Ал Швейцарияда Қазақстанның мұнай өнімдеріне деген сұраныс жоғары. «Екіжақты экономикалық қарым-қатынас өте жақсы даму үстінде. Мәселен, осы «ЭКСПО  – 2017» көрмесі аясында іргелі шаралар қолға алынды. Алматы облысы мен Тичино кантоны арасында бірқатар келісімдер жасалып, соның аясындағы алғашқы жұмыстар басталып кетті», – деді Урс Шмид.

Конференцияда Астана қаласы энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаев елордадағы «жасыл» технология бағытындағы атқарылған шаруалар легімен таныстырса, Тичино кантоны сауда және өнеркәсіп палатасының Қазақстандағы ресми өкілі Лотти Альберто іскерлік байланыстар аясындағы жұмыстардың тиімділігін әңгімеледі.

Жиын «Инновация және энергетика» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» отырысымен жалғасты. Онда швейцариялықтардың        «ЭКСПО – 2017» көрмесіне әкелген жобалары таныстырылды.

Жеңіс ТҰЯҚОВ,

Алматы облысы әкімінің орынбасары:

– Өңіріміздегі бірқатар аудан өкілдерімен көрме кешеніндегі тиісті шаруалармен айналысудамыз. Көпшіліктің есінде болар, тамыз айының орта шенінде Алматы облысының басшысы Швейцария президенті Дорис Лойтхардтың қатысуымен өткен жиында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойған болатын. Сол келісімнің аясында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеудің тиімді тәжірибелерін облысымызда жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Аз мерзімнің ішінде ауыз толтырып айтарлықтай іс тындырдық деуге болады. Осы жиынға Швейцария билігі өздерінің аталған салада қызмет ететін компанияларын алып келді, яғни біз мәртебелі әріптес­терімізбен екінші мәрте жүздесіп үлгердік. Бұл қолға алған істің қарқынды жүзеге асып жатқандығын аңғартады.

Сөз орайында айта кетейін, кеше ғана швейцариялықтармен гидростансы салу жөнінде келелі кездесу болды. Өйткені, Жетісу жерінде гидроресурстың әлеуеті жоғары екені мәлім. Енді, алдағы қазан айына Тичино әкімшілігі Алматы облысы бизнесмендерін өздеріне шақырды. Осы сапар барысында аграрлық сектордағы, туризм саласындағы тәжірибелерін сіңірсек деген ниеттеміз. Себебі, мамандардың айтуынша, Швейцарияның табиғаты, географиясы, өзге де тұстары біздің өңірмен өте ұқсас. Сондықтан бұл шаруалар нәтиже береді деген ойдамыз.

Асхат РАЙҚҰЛ.

Астана қаласы.