БИООТЫН – БОЛАШАҚТЫҢ БАСТАУЫ

Уақыты: 30.07.2016
Оқылды: 2719
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бабаларымыздың тасты тасқа ұрып от шығарып, алғашқы энергия көзін байқаған кезін болжау қиын. Бірақ осы тіршілік құбылысын адам емес, табиғаттың өзі бізге сыйға берді. Содан бері неше миллион жыл өтсе де тұрмыстық қажеттілікті қамтамасыз ететін жасырын күшті табиғаттан алып келеміз. Демек, судан алынған бумен паровоздарды жүргіздік, жанармаймен ұшақ ұшырдық, асфальт жолдарда жеңіл көлікті жүйткіттік. Алып кемелер мұхиттарда ойқастады. Айшылық жерді жақындаттық. Қысқасы, балама энергия көздері арқылы бәрін жасауға мүмкін екенін дәлелдедік. Өкінішке орай, қазіргі таңда адамзаттың тіршілігі тығырыққа тірелді. Табиғат бай екені анық. Бірақ, кейінгі бірнеше ғасырдағы өндірістің, өнеркәсіптің өркендеуі жер қойнауындағы байлықты сарқып бітті. Сонымен ілесе энергия көздеріне деген сұраныс туындады.  Соңғы екі жылда әлем экономикасындағы ең тартысты уақыт болды. Қадірі мен қасиетін, қаржысы мен қарымын қара алтынның қамымен қамдап келген бірқатар ел мұнай бағасының төмендеуі салдарынан есеңгіреп қалды. Тіпті, энергия көздерін мұнайдан шығатын өнімдер арқылы айырып отырған мемлекеттер үшін балама энергияны байытудың қажеттілігі туындады.

Осы тұста ғана біз сонау өткен ғасырда әлемнің бірқатар елі дабыл қағып, биоотын өндірісін дамытып, жаңа жолға ауысудың маңыздылығын ортаға қойған ұсыныстың өміршеңдігін түсіндік. Расымен, осындай жағдайдың туындайтынын ерте сезген Германия, АҚШ тәрізді мемлекеттер өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап биоотын өндірісін оңтайлы жолға қойып алды. Бүгінде биоотынды өндіру тәсілі барынша кеңейіп келеді. Себебі, уақыт өткен сайын өсіп, дамып келе жатқан қоғам жанар-жағармайдан гөрі адамға да, табиғатқа да пайдалы отын түрін қолданғанды дұрыс көреді. Өкінішке орай, астық өндіруде әлемдегі көшбасшы елдің қатарында, мал шаруа­шылығындағы тәжірибесі тарихтар бойы ұласқан біз бағасыз байлықтан бағалы байлық өндірудің жолын меңгере алмай келеміз. Десе де, көз алдыда туындаған қиындықтарды шешу үшін болашақта Қазақстан биоотын өндірісі және оның айналымын тереңдетуді қолға алмақ. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл – қазақ елі тек мұнайдан ғана өнім өндіріп қоймайды, дәнді дақылдардың, астық өнімдерінің қалдығын да кәдеге жаратып, одан биоотын өндіреді дегенді меңзейді.

Қоршаған ортаға зиянсыз отынды өндіруші елдердің саны жыл өткен сайын артып келеді және отынды өндіру көлемі жылдан-жылға өсіп отыр. Әдетте биоотын түрлі өсімдіктерден алынады. Айталық осы отынды ең көп өндіретін Бразилия қант қамысынан алса, АҚШ-та оны жүгеріден өндіреді. Әрине, аталмыш отын түрін өндіруге деген Қазақстанның да ынта-ықыласы Еуропа елдерінен кем емес. Қазақстан биоэтанолды өндіру ісіне экспортқа бағытталған тауар ретінде басымдық беріп отыр. Сондықтан еліміз өндіргелі отырған биоотын көзі саналатын биоэтанол басқа емес, кәдімгі бидайдан алынбақ. Ал ас атасының тағам ретінде емес, отын ретінде пайдаланылуы қалың көпшілік арасында біршама таңданыс тудырғаны рас. Оның үстіне биоотын өндіруге деген сұраныс ерекше артатын болса, нанға зәру болып жүрмейміз бе деген қауіп те жоқ емес.

 Бұл мәселеге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен болған сұхбатында Мемлекет басшысы: «Біз қазір биологиялық отынды өндіре бастадық. Біздің топжарғыш технология деп жүргеніміз осы. Біз тек осы жол арқылы ғана ауылшаруашылығы саласында үлкен жетістіктерге қол жеткіземіз. Егер сіздер байқасаңыз­дар, соңғы уақытта қанттың бағасы өсе бастады. Өйткені ол қазіргі таңда биоэтанол өндіруге жұмсалып жатыр. Сондықтан біздің елімізге де бұрынғыдай қант қызылшасын өндіру ісін қолға алу қажет. Қазір биоэтанолға деген сұраныс өте үлкен. Сондықтан да ол ауылшаруашылық саласын дамытудың ерекше жолы болып табылмақ», – деген болатын.  Елбасының осы тапсырмасы облысымызда жүйелі атқарылуда. Өткен жылдан бастап облыс әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен өңірде қант қызылшасын өсірудің тиімді жолдары қарастырылып, нәтижелі жұмыс атқарылды. Өткен жылы төрт мың гектар жерге қант қызылшасы себіліп, 120 мың тоннаға жуық таза қант алынды. Әрине, бүгінгі таңда бұл өнімнің бір бөлігі қазақстандықтардың қажеттілігіне жұмсалса, қалған бөлігі экспортқа шығарылды. Алдағы уақыттағы жоспар да ауқымды. Сол қатарда қант қызылшасын егетін алқапты ұлғайту, өнімділікті арттыру көзделіп отыр. Ал облысымыздағы қант өндірумен айналысатын зауыттың қатары үшке артпақ. Соның бірі – Ескелді ауданы, Қарабұлақ қант зауыты өндіру техникасын терең меңгеруде. Демек, жуырда өңір тұрғындарын қантпен қамтамасыз етумен бірге өңірімізде қант қамысынан биоотын өндіруге де мол мүмкіндік ашылады деген сөз.

Десе де, көпшілік биоотынды тек астықтан өндіреді деген қасаң қағидадан арылғаны жөн. Кәдімгі тұрмыстық қалдықтардан да энергия көздерін молынан өндіруге болатынын ғылым дәлелдеп, дамыған елдер сол арқылы да игілік көріп отыр. Мәселен, немістер тұрмыстық, жапондар азық қалдықтарын кәдеге жаратып, биоэтанол өндіріп отырғанын біз бүгінде аңыздай қылып сөз етеміз. Алысқа бармай-ақ қоялық, ауласында төрт түлігі мыңғырып жүрмейтін қытайлықтардың өзі малдың қиынан көгілдір отын өндіріп, күнделікті тұрмыс қажеттілігіне пайдаланып отыр. Ал біз ше? Ауламыздағы көңді төгетін жер таппай қиналамыз. Соны қажетке жаратуға неге құлықсызбыз деп ойланасың кейде. Ал осындай мүмкіндіктерді пайдалану жағын неге қарастырмасқа?  Міне, осыны ойласақ, биоотын саласын дамытуға қатысты мемлекеттік саясатты бүгіннен бастап қалыптастырып алуымыз қажет. Ол ең алдымен қоқысты өңдеп, кәдеге жаратудан басталғаны жөн-ақ.

Осы тұрғыдан келгенде, қазіргі таңда өңірімізде қатты  тұрмыстық  қалдықтарды қайта өңдеу ісі бүгінгі күннің талабынан шығып отыр деп  айту әлі де ертерек. Сондықтан күн сайын шығатын тұрмыстық қалдықтарды арнайы күл-қоқыс үйінділері мен полигондарда сақтау ісі қолға алынып келеді. Қазір облыстың  772 елді мекенінде жалпы көлемі  1113,6 гектар болған 513 заңдастыр­ылған күл-қоқыс үйіндісі мен  полигонға жылына 850 тоннадан аса  керексіз заттар тасымалданады. Бір қуанарлығы, кейінгі жылдары өңірдегі қатты тұрмыс­тық қалдықтарды жою мәселесін шешу мақсатында Талдықорған және Қапшағай қалаларында қалдықтарды қайта өңдеу  зауытын  салу  Қазақстан  Рес­публикасы экологиялық мәселелер тізіміне енгізілген. Сондай-ақ, облыста 7  кәсіпорын қайталанба  шикізаттарды, яғни қағаз қалдықтары, пластика, шыны сынықтары, медицина заттары, пайдаланылған  автокөлік  резенкесі  және  аккумуляторларды  жинау, тасымалдау  және  өңдеумен  айналысады. Атап айтар болсақ, Іле  ауданы  мен  Талдықорған қаласында «Интермед» ЖШС медицина  қалдықтарын жоюды, Қарасай ауданындағы «Қазақстан қағазы» АҚ  қағаз  қалдықтарын, Іле ауданындағы «САФ» АҚ шыны сынықтарын, Талдықорған  қаласындағы  «Қайнар  АКБ»  ЖШС  пайдаланылған аккумуляторларды  өңдеуді жүзеге асырады. Өкінішке орай, бұл шаралар тек экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен ғана шектеліп отыр. Осы қалдықтарды пайдаланып, жанама энергия көзін өндіру кенжелеп тұр. Кезінде жапондар тамақ қалдықтарынан бензин өндіреді, немістер мұнайдан тамақ жасайды дегенге таңырқай қарайтынбыз. Соның шындығына бүгін көзіміз жетті. Егер өзіміз ертерек қолға алмасақ, осы қалдықтарды ертең өзге елдер арзанға сатып алып, дайын өнімін еселеп бізге өткізбесіне кім кепіл?!

Шілденің басында жеке кәсіпкер Гүлнұр Маратқызы басшылық ететін «ЭкоСервис-Арман" серіктестігінің бастамасымен Талдықорғанда түрлі қалдықты өңдейтін ірі қоқыс зауыты іске қосылды. Құны 3 миллион 200 мың долларды құраған зауыт қондырғысын серіктестік өз қаржысына сатып алды. Қондырғының идеясы Италияныкі болғанымен барлық жабдығы Қытайда жасалыпты. Зауыт басшылығының айтуынша, қалдықсыз өнім шығаратын құрылғы толық қолданысқа өткенде күніне 50 тонна шикізатты өңдейді. Жоба инновация­лық "Евро-4" санатты экологиялық талаптарға сай болғандықтан шикізат қалдықсыз шығады. Зауыт резеңке, пластик, қағаз, медициналық қалдықтар, тіпті мал өлекселерін де өңдеп, газ, қара май, солярка мен бензин, техникалық көміртегі мен жартылай кокс алады. Бұл өнімнің бәрін қайталай өндіріске қолдануға мүмкіндік мол. Тіпті,  өңдеуден кейінгі күйенің өзі баспахана бояуын шығаратын кәсіпорындарда сұранысқа ие. Сондай-ақ, зауыттың өндіріске кететін шығыны да көп емес. Қыз­ғанша ғана аз-маз көмір тұтынғаны болмаса, арнайы пештер өзі жаққан қалдық заттардан шыққан газ арқылы жұмысын жүргізе береді. Көмірден шығатын түтін мен қалдықтар жанғанда шығатын зиянды заттар пеш ішіндегі катализаторда, арнайы дайындалған су бассейнінде сүзіліп қалады. Ауаға зиянсыз ақ түтін мен бу ғана шығады. Сондықтан зауыттың мұржасынан бұрқырап шығып жатқан түтін емес, денсаулыққа зиянсыз бу екенін ескерте кеткіміз келеді. Бұл қуанарлық жағдай болғанымен осындай мысал өңірімізде тым аз. Демек, биоотын өндірісіне деген ықылас мол. Десе де, елде биоотын өндірісін өркендету үшін алдымен біз осы іспен айналысамын деген зауыттарды потенциялы мықты технологиямен қамтамасыз ете білгеніміз жөн.  Осыдан кейін ірілі- ұсақты биоотын өндіретін зауыттар легін көбейте алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Рас, биоотын өндірісін дамыту бір-екі жылдың еншісіндегі шаруа емес. Бірақ бұл келешегі бар жоба. Бүгінде нарықтың қағидасына етене сіңісіп үлгерген елдер жоқтан бар жасап, бір затты екеу етіп ұқсатуға әбден бейімделген. Сондықтан бізге де осындай қасиеттерді бойға сіңіруге ұмтылған жөн. Биоотынның тиімділігін мойындап үлгерген елдер өзінің ішкі нарығына айтарлықтай пайда енгізуде. Байыптасақ, соңғы 20 жыл көлемінде әлемдегі биоотын өндірісі 12 есеге дейін артқан. Тағы да сол халықаралық сарапшылар әлемдік мұнайға баға төмендеген кезеңде биоотын нарығындағы бәсекелестік екпіндейтінін баса айтып жүр. Тағы бір жағынан биоотын өндіру бастамасы Астанадағы EХРО – 2017 көрмесінің де бас тақырыбына сай келеді. Ерекше атап өтетін жайт, Астананың Халықаралық көрмелер бюросына ұсынған тақырыбы – «Болашақтың энергиясы» да әлем елдерінің бірде-бірінде қозғалмаған ең өзекті, тың тақырып. Бұл Қазақстан үшін ғана емес, күллі ғалам үшін өмірлік маңызға ие бастама болмақшы.  Елбасы атап көрсеткендей, EХРО – 2017 көрмесінің «Болашақтың энергиясы» тақырыбы ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясын, күн, жел, теңіз, мұхит және су тәрізді бүгінде бар баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа әзірлемелер мен технология қолдануға мүмкіндік береді. Астана осы саладағы ең үздік әлемдік әзірлемелер мен трендтер көрсету үшін тиімді алаңға айналуы мүмкін. Сондай-ақ, көрме елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жаңғырту және экономиканы жүйелі әртараптандыруда мол мүмкіндікке ие. Осы тұрғыдан келгенде биоотын өндірудің әзірлемелері де Астана EХРО – 2017 көрмесінің тақырыбымен үйлесім тауып отыр.

Айта кетерлігі, биоотын өндіру мемлекет тарапынан  мықты қолдау­ ға ие. Айталық, 2010 жылдың 16 қарашасында Мемлекет басшысы биоотын өндірісі және айналымы саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған «Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңға қол қойды. Заңда биоотын өндірісін және айналымын дамыту, биоотын өндірісі кезінде мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін реттеу, сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау шараларына бағытталады. Сонымен бірге, құжат биоотын өндірісі мен айналымына қатысы бар шаруашылық субъектілерінің қызметін құқықтық реттеуді жүзеге асырады. Заң жобасында ең алдымен биоотынды өндіру кезінде мемлекеттік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қамтылған. Демек, заң арқылы қорғалған шаруаның болашағы баянды болары анық. Тек жерлестеріміз құлшынса ғана осындай өндірістердің қатары көбейіп, күл-қоқыссыз, қатты қалдықсыз, оның орнына шетелге жаңа энергия көзін экспорттайтын мықты елге айналуға болады.

Ресми деректер бүгінде Қазақстанда биоотын өндіретін шикізаттар легі жеткілікті екенін айқындады. Ол үшін елде жүгері, бидай, рапс, соя, пальма майы, қант қамысын өндіру технологияларын дамыту қажет. Қалай десек те, бүгінде дамуға ұмтылған стратегиялар легі көп. Тек солардың ғұмыры ұзақ және жемісті болсын делік.

 

Аңдас ҚАЖЕТ.