ТАРАПТАР ТАЛҚЫЛАҒАН МӘСЕЛЕ

Уақыты: 15.09.2024
Оқылды: 192
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев ҚХР СУАР халық үкіметі төрағасының орынбасары Сунь Хунмей бастаған Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының делегациясын қабылдады.


Жиын барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев екі елдің достық қарымқатынасы туралы айта келе, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Жетісу облысы мен ҚХР арасындағы тауар айналымы 1,2 млрд. АҚШ долларын құрағанын тілге тиек етті. Жалпы, Қытай ірі экономикалық серіктес, облыстың барлық сыртқы тауар айналымының 80%-дан астам үлесін құрайды.

– Біздің әріптестік қатынастарымыздың перспективалы бағыттарының бірі өңірдің транзиттік әлеуеті болып табылады. Бізде экономикалық өсудің екі нүктесі бар – бұл Достық және Қорғас бағыты. Бұл ретте біз Қытаймен шекарада бес кеден бекеті бар республикадағы жалғыз өңірміз, – деп атап өткен аймақ басшысы, өз кезегінде облыста шекара маңы пункттерінің инфрақұрылымын жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталып, сондай-ақ маңызды бірлескен жобалардың бірі «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіптік қаласы» индустриялық паркін құру екенін жеткізді.

Ай»мақ басшысы атап өткендей, Достық бағытын дамыту мақсатында Алматы қаласынан «Достық» стансысына дейінгі автомобиль жолын қайта жаңарту жүргізілді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы осы стансыда «Алакөл» автомобиль өткізу пунктін кеңейту аяқталады. Соның арқасында жолақтар саны артып, көлік өткізу тәулігіне 200-ден 1600-ге дейін артады. «Достық-Мойынты» теміржол желісінің екінші желісінің құрылысы жүргізілуде десек, бұл да «Достық» стансысының өткізу қабілетін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді.

Жиын барысында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының халықтық өкіметі төрағасының орынбасары Сунь Хунмэй Жетісуға келген екінші сапары екенін атап өтті. СУАР мен Жетісу облысы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қатысты негізгі бағыттарға тоқталып,  «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктінің инфрақұрылымын дамыту мәселелерін де тілге тиек етті.

Өңірде шекара маңындағы автомобиль және теміржол өткізу пункттерінің тиімді жұмыс істеуі үшін барлық шаралар қабылданып жатқанын атап өткен Бейбіт Өксікбайұлы, бірлескен фито-ветеринариялық зертхана құрудың маңыздылығын еске салды, бұл өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік бермек.

Жалпы, кездесу барысында тараптар кедентік пунктердің өткізу қабілетін кеңейту және шекара маңы пункттерінің инфрақұрылымын жақсарту, «Жасыл» энергетика, туристік және мәдени-гуманитарлық бағыттар бойынша екіжақты байланыстарды дамыту, сондай-ақ инвестиция тарту,  сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін талқылады. Кездесу соңында қатысушылар қараша айында «Қорғас» ХШЫО қызметін үйлестірудің бірлескен тетіктерін құру мәселесі бойынша бірінші бірлескен отырысты өткізу туралы уағдаласты.

 

АРДА БИ