САЛТАНАТ САРАЙЫ САЛЫНУДА

Уақыты: 13.08.2016
Оқылды: 2111
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыста құрылыс айтарлықтай қарқынды жүріп жатыр. Соның айқын көрінісі – өңір орталығы Талдықорған қаласы күн сайын ажарлана түсуде. Мәселен, бұл ретте бір ғана шаһардың оңтүстік-батыс тұрғын үй ауданында салынып жатқан «Салтанат сарайы» жайын тілге тиек етсек те жеткілікті. Осы ретте біз мерекеге орай арнайы «Өнеркәсіп Құрылыс» ЖШС бас мердігер болған аталмыш сарайдың жұмыс алаңында болып қайттық.

Аталған құрылыс «Талдықорған қаласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен қолға алынған. Іргетасы осы жылдың мамыр айында құйылып, оған жөндеу жұмыстары үшін қомақты қаржы қарастырылған. Шеңбер пішінді етіп салынған, жалпы ауданы – 3531,5 шаршы метрді құрайтын екі қабатты ғимараттың сыйымдылығы да едәуір ауқымды болмақ.

Атшаптырым аумақтағы нысанның төлқұжатымен танысқанымызда үстіңгі қабатының көлемі астыңғы бөлігінен үлкен екенін байқадық. Мұның жайын сұрағанымызда құрылыс алаңы басшысы Камалатдин Сапаров бізге оның жайын тәптіштей баяндады.

– Иә, оны дұрыс байқап отырсыздар. Ғимараттың бірінші қабатының радиусы 22,0 м. ал екінші қабат – 24,0 м. Өздеріңіз көріп отырғандай нысанның астыңғы бөлігінде кіреберіс зал, гардероб, азаматтық хал актілерін тіркеу жұмыс кеңсесі, отау иелерінің және қонақтар бөлмесі бар, – дейді  Камалатдин Сапаров.

Тиісінше жоғарғы қабат мерекелік шараларды, неке қию рәсімін және той өткізуге арналыпты. Тіпті, мұнда мереке қарсаңдарында конференц зал есебінде пайдаланылатын 100 орынды некеге тіркеу залы мен 160 адамға шақталған банкет залы бар. 

Өз жұмыстарына мұқият кірісіп, қазірге дейін біраз шаруаның басын қайырып тастаған талапты да табанды құрылысшылардың көңілі тоқ. Ең бастысы – жұмысқа деген жауапкершіліктері мол. Осындағы дәнекерлеуші Азамат Оразымбетовтың айтуынша, құрылыс алаңында жұмыс қызу жүруде. Мұндағы кірпіш қалаушы, дәнекерлеуші, электр жөндеуші, сылақшы, бәрі-бәрі өз ісінің маманы.

Міне, осындай ұйымдасқан, берекелескен жұмыстың арқасында нысан құрылысы келесі жылдың қазан айында аяқталмақ.

 

Қ. ӘБДІҒАПАР.

Талдықорған қаласы.