ЖҮГЕРІ ЖИНАУ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 22.09.2024
Оқылды: 40
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биыл жаркенттік диқандар жалпы 23 799 гектардан аса жерге «дала аруының» әр түрлі сұрпын өсірді. Сонымен бірге элиталық тұқым түрлері де мол егілді.


Жүгерішілер өздері өсірген дақылдың ерте пісетін сұрыптарын қыркүйек айының орта шенінде жинауға кірісті. Көктемгі ауа райының тым салқын болуына байланысты таудағы қар мен мұз кеш еріп, егістік алқаптарын суаратын су тапшылығына байланысты шаруалар жүгері егу науқанын кеш бастады. 

– Бүгінде 500 гектардан аса алқаптың өнімі орылып, қырмандарға 37 мың тоннаға жуық астық әкелініп, Жаркент крахмал сірне зауытына 360 тонна жүгері дәні өткізілді,– дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Саят Хасанов.    

Қазіргі қарқынмен әр гектардан жиналған дән орта есеппен 66 центнерден айналуда. Жүгері жинау техника күшімен атқарылуда. Науқандық жұмысқа жалпы 38 жүгері оратын комбайн қатысып, оның 32-сі алқаптан дәнді бірден уатып жинайтын әмбебап, қалғаны «Херсон» комбайндары. Бұдан басқа 600-ден аса трактор, 1000-нан аса тіркеме әзірленген. Егіншілер биыл бірнеше жаңа техника сатып алды. 

Жергілікті халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге қажет басқа да дақылдар аз емес. Мәселен, биыл диқандар 395 гектар жерге жаздық бидай өсіріп, одан 1000 тоннаға жуық дән жинады. Сол сияқты 126 гектарға арпа өсіріп, одан да мол өнім алыпты. Бұған қоса 18787 гектардан аса алқапқа көп жылдық шөп өсіріліп, одан қыс маусымына 398,2 мың тонна жоңышқа,19 мың тоннадан аса пішендеме, 18 мың тонна сүрлем дайындалды. Картоп, көкөніс, бақша, жеміс-жидектен де жиналған өнім аз емес.

Ауданда жалпы 25 арнайы жасақталған қырман бар. Олардың бәрі науқан басталмай тазаланып, дақыл дәнін қабылдауға дайындалған. Жазда Алмалы ауылындағы қырман күрделі жөндеуден өтіп, асфальтталды. Бүгінде Атамекен, Бірлік, Үлкеншыған, Шолақай, Жаскент, Басқұншы ауылдық округтерінде жүгері жинау науқаны қарқын алды.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы