КҮЗГІ БЕРЕКЕ

Уақыты: 21.09.2024
Оқылды: 46
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биылғы ауа райының қолайлы болуы мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне көрсетілген көмектің көптігі егістің жайқалып өсіп, күзгі науқан жұмысының көңілдегідей орындалуына септігін тигізуде.


Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сәйкес, жыл басында 294179 гектар дәнді дақыл, 88 500 гектар майлы дақыл, 6517 гектар картоп, 6517 гектар бақша өнімдері мен 7175 гектарға көкөніс егілген. 17 қыркүйектегі жағдай бойынша 232767 гектар жердегі дәнді дақыл орылып, 537752 тонна өнім алынса, гектар берекелігі 23,1 центнерден айналған. Бақша өнімдері толық жиналып, қамбаланған. 

Басқа дақыл және көкөністердің өнімділігі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жоғары.  Таулы аймақтарда күзгі жиын-терін жұмысы әлі жүріп жатыр. Сондықтан оның нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады. Қант қызылшасы жетісулықтардың төл дақылы. Аймақта 15 қыркүйектен бастап тәтті түбірді жинау басталды. Қазіргі қарқыны ойдағыдай.

– Биыл облыста 13700 гектарға 597 шаруа қожалығы қант қызылшасын септі. Бүгінде 54 шаруашылық тәтті түбірді қазып жатыр. 16 қыркүйектегі жағдай бойынша 390 гектар жердегі дақыл қазылып, 16500 тонна өнім жиналып, оның 13185 тоннасы Көксу және Ақсу қант зауыттарына өткізілді. Бұл қарқын алдағы уақытта да төмендемейді. Өйткені қазіргі ауа райы қолайлы, техника да жеткілікті, мол өнімге кенелеміз деген диқандардың  ынтасы жақсы. 16 қыркүйектен бастап Көксу қант зауыты қызылшаны өңдеуді бастады. Ал Ақсу қант зауыты 1 қазаннан бастамақ, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев. 

Айта кетейік, Жамбыл облысының «Мерке» зауыты сол өңірде егілген қант қызылшасын толық өңдеуге қуаты жетіспеушілігіне байланысты Ақсу қант зауытына 100 мың тонна қант қызылшасын жеткізу келісілген. 25 қыркүйектен бастап көрші облыстан қант қызылшасы аталған зауытқа тасыла бастайды. Бұл облыста өндірілетін қант қызылшасының өнімін ұлғайтады деген ойдамыз.

Қажет АНДАС