Әрекет болмай берекет жоқ

Уақыты: 25.08.2016
Оқылды: 2184
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев биз­­нестің кең өріс алуы­на жағдай жасау керектігін үне­­­­мі айтып ке­ле­ді. Соған орай қа­­зір шағын жә­не ор­та кәсіп­кер­­лікті дамытуға ай­рықша мән беріле бастады. Қан­дай да бір істі қолға аламын деу­шілер үшін мем­­лекет тарапы­нан қол­дау­­лар жа­са­лып, демеу көр­се­тілуде. Нәтиже­сін­де ойға ал­ған істер ретімен жү­зеге асып, бұл бағыттағы жұмыстар жаңа­­­­ша жандануда.

Бүгінде «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының арқасында кәсіппен айналысудың қыр-сырын жете түсініп, пайдасын көріп жат­қан­дар аз емес. Сол себепті кәсіп бар жерде нәсіптің бола­тынын мықтап ескергендер жыл санап өсу үстінде. Қанат жайған бұл үрдіс тек қалада ғана емес, ауыл-аймақ­тар­да да жалғасуда. Соның бірі Қарасай ау­данына қарасты Абай ауылында іске қосы­лып, талай адамның еңбекпен қамтылуына мүмкіндік беріп отырған «Chocoland» жауап­кершілігі шектеулі серік­тестігі. Оған арнайы іссапармен барғанда көз жеткіздік. Өндіріс алаңына кірген мезетте бізді «Алматы тәт­тілері» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігінің басшысы Дәуренбек Кударов қарсы алды.

Ол цех жұмысымен таныстырып, он­дағы қызу тірлікті көрсетті. Оған куә болған біз өндірісті тұтастай аралап, тіршіліктің қауырт жүріп жатқанын байқадық. Бұл жердегі еңбеккерлердің басым бөлігі жастар. Қыз-жігіттер өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға тырысуда. Бірі печенье жасаумен айналысып жатса, ке­лесісі дайын болғанда­рын арнайы қорап­қа салып, тиісті орындарға жөнелтуде. Жұмыс үрдісі арнайы құрылғы­лар­дың көмегімен автоматты түрде жүзеге асырылып жатыр. Қол еңбегі де пайдала­нылуда. Дәуренбектің айтуынша, өндіріс ошағы былтыр «Даму» қорының көмегімен іске қосылыпты. Өндіріс ошағының айына 200 тонна өнім өндіруге қауқары жетеді. Алдағы уақытта тұ­тастай дәнді дақылдардан жасалған био­пе­ченье шығару жоспарға енгізіл­ген.

Қазір мұнда тәтті печеньенің он түрі дайын­далады. Ал оны әзірлеу үшін астық тұ­қымдары пайдаланылады. Сапасы да жіті бақылауға алынған. Дайын өнім түрі елдің түкпір-түкпіріне таралады. Сонымен бірге Қы­тай, Ресей сияқты шет мемлекеттердің нары­ғында да сауда­ла­нуда. Бұл жерде жиыр­ма­дан аса адам еңбек етеді.

Қалай десек те мемлекеттің қолдауынсыз бизнесті аяққа тұрғызу мүмкін емес. Осы рет­те атал­мыш серіктестік иесі «Бизнестің жол кар­тасы – 2020» бағдарламасы аясында 47 мил­лион теңге несиеге қол жеткізген. 14 пайызбен берілген несиенің 10 пайызын мемлекет субсидиялайды, қалғанын серік­тес­тік төлеуде. Бұл ақша өндірісті іске қо­сып, өнім өндіретін құрылғылар сатып алуға жұмсалған. Ғима­рат­қа да күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізіліпті. Сөйтіп, істі жыл­жытуға аталған бағдарлама­ның айтар­лық­тай пайдасы тиген.

Қазіргі кезде дәмі тіл үйірерлік тәтті печеньелерге деген сұраныс жаман емес. Өйт­кені, мұнда саннан гөрі сапаға көп мән бері­леді. Өнім түрі де ұлғайған. Айта кетейік, статистика мәліметтері бойынша әрбір үшін­ші адам азық-түлік дүкендеріне бар­ғанда бір қорап печенье сатып алады екен. Сон­дық­тан, оны тұтыну көлемі елде жыл сайын ар­тып келеді. Сол себепті тәтті тағам түрін дайын­­дау­шылар қатары өсу үстінде. Осыны ес­керген кәсіпкер бәсекеге қабілетті болуға ерекше көңіл бөліп, еңбек етуде.

Айгүл Байбосынова

Абай ауылы,

Қарасай ауданы.