КЕШЕНДІ ЖОСПАР КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ БАСТАЙДЫ

Уақыты: 16.09.2024
Оқылды: 156
Бөлім: САЯСАТ

Апта басында өткен ҚР Үкіметінің отырысында екі мәселе қаралды. Әуелі жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы төңірегінде сөз қозғап, содан соң жұмысшы мамандықтар бойынша мамандар даярлаудың жаңа тәсілдерін қарастырды.


Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сай өнеркәсіпте отандық шикізатты барынша пайдалануға және аралас өндірістерді дамытуға баса назар аудара отырып, жобалар іске асырылатын болады. Агро-өнеркәсіптік кешенде несие беруді ұлғайту, субсидияларды бақылауды күшейту және жер учаскелерін қайтаруды оңайлату жөніндегі шаралар көзделген. «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындары өндірген өнімді қайта өңдеу және өткізу инфрақұрылымын құру, жаңа құрал – «тауарлы несие» енгізу мүмкіндігі, сондай-ақ азаматтарды өнімді ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге оқыту орталықтарын іске қосу көзделген. Сондай-ақ, жиында энергетика секторында және коммуналдық шаруашылықта бірінші кезектегі инфрақұрылымдық міндеттерді шешу, моноқалалардың экономикаларын әртараптандыру, таяудағы 3 жылда рентабельділік деңгейіне дейін теміржол тасымалына реттелетін тарифтерді бекіту, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері таразыланды. 

Мұнан соң отырысқа қатысушылар жұмысшы мамандықтар бойынша мамандар даярлаудың жаңа тәсілдері турасында әңгіме өрбітті. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кәсіптік білім берудегі реформалар туралы баяндады. Министрдің айтуынша, өңірлердегі 195 колледж экономикадағы сұранысты қанағаттандыру үшін қайта бейімделді және білім беру мекемелерін халықаралық стандарттар бойынша бағалау жобасы әзірленді. Бірінші лигаларға кірген колледждер ресурстық орталықтарға айналады. Сондай-ақ оқу сапасын арттыру үшін түлектерге тәуелсіз сертификаттау енгізілді. Мұнан өзге, білім беру мекемелерінің бейініне инфрақұрылымды және инвестицияларды дамыту міндеттемелерімен колледждерді сенімгерлік басқаруға беруді қоса алғанда, бизнеспен белсенді ынтымақтастық жалғасады.

Жиында Жетісу өңірінен Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің басшысы Шыңғыс Нұрқожаев облыста техникалық және кәсіптік білім беру саласын трансформациялау барысы турасында баяндады. Оның айтуынша, WorlSkills стандарттары бойынша білім беру бағдарламалары өзектендірілген. Білім сапасының артуына сай биыл бітірген 1255 түлектің 900-ге жуығы жұмысқа орналастырылып, көрсеткіш 10 пайызға артқан. Бұл ретте жұмыс берушілердің тапсырысына сай маман даярлау да өз тиімділігін көрсетіп отыр. Аталмыш оқу орны кәсіптік маман даярлауда шетелдік тәжірибелерді игеруде нәтижесіз емес.

Дастанбек САДЫҚ